• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін бірқатар нақты шаралар іске асырылуда – ҚР ҚМ

Қазақстан Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін бірқатар нақты шаралар іске асырылуда – ҚР ҚМ

14 Ақпан, 2015 18:27
Еліміздің Қарулы Күштеріндегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және әрі қарай оны түп-тамырымен жою ісінде ҚР Қорғаныс министрлігі мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізіп келеді.

ҚР Қорғаныс министрлігінен хабарлағандай, бұл ретте қорғаныс ведомствосы алдын алу, бақылау және заңнама атты үш негізге сүйеніп отыр.

 «Сонымен, 2015 жылдан бастап мемлекеттік сатып алулар жүргізу тәртібі өзгертілді. Енді ҚР Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері бұл жұмыстан босатылған. Қорғаныс тапсырысы жүйесінде де өзгерістер бар. Осы мақсаттарда жанар-жағар май материалдарын сатып алуды бірыңғай ұлттық оператор арқылы жүзеге асыру жоспарлануда», - делінген хабарламада.   

Маңызды мәселелердің бірі Қорғаныс министрлігі ұсынатын қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру болып табылады. Қазіргі уақытта әскери қызметке қатысты тоғыз қызмет көрсету түрін әскери қызметшілер электрондық үкімет жүйесі арқылы ала алады.

Әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйді бөлудің ашықтығын, олардың кезегі туралы ақпаратқа толық қолжетімділікті қамтамасыз ету, осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін себептер мен жағдайларды жою – бұның барлығы ҚР Қорғаныс министрлігінің Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын бақылау жөніндегі комиссиясының отырысы барысында ағымдағы жылға арналған міндет болып белгіленді.

 «Біз сыбайлас жемқорлық салдарымен ғана күреспей, оның  алғышарттарын жоюға бағытталған шаралар қабылдауға тиіспіз», - - деп атап өтті комиссия төрағасы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров.

Сонымен қатар,  сыбайлас жемқорлықпен күресте басты анықтауыш болып тұратын әскери қызметшілердің адамгершілік келбеті туралы ұмытпауымыз қажет. Өйткені әрбір әскери қызметші сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін көтеретін жауапкершілігін түсініп, кез-келген жемқорлық көріністеріне төзбеушілікпен қарауы тиіс. Осыған байланысты әскери қызметшілердің ар-ождан кодексі әзірлену үстінде. Ол әрбір әскеридің жұмыстағы бағдары болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте ерекше орын алады. Тағы бір шара офицерлік құрамның аттестациясы кезінде әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы білуі мен сақтауын тексеру болғалы отыр.  
 

Барлық жаңалықтар