Астанада Абылай ханның 300 жылдығына арналған марафон басталады

3 Қазан, 2013 18:13
Ертең, 4 қазан күні Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңынан Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Астана-Көкшетау» бағытындағы марафон басталады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

«25-45 жас аралығындағы «Желтоқсан ақиқаты» ҚҚ мүшелері болып табылатын 15 марафоншы 280 км қашықтықты жүгіріп өтіп, 5 қазан күні Көкшетаудағы Абылай хан алаңына жетеді», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, бұқаралық шара эстафета түрінде өтпек. Әр 5 км сайын спортшы ауысып отырады. Сонымен қатар спортшылар өздерімен бірге Көкшетауға Қазақстан туын алып жүгірмек.

«5 қазанда сағат 10.00-де Көкшетаудағы Абылай хан алаңына жетуді жоспарлап отырмыз. Осы уақытта ұлы қолбасшы, дана көсемнің 300 жылдығына арналған салтанатты митинг басталмақ», - дейді «Желтоқсан ақиқаты» ҚҚ төрағасы Нүкен Бейсенғазы.

Шараның мақсаты жастар арасында ұлттық тарихқа, соның ішінде Абылай хан секілді ұлы қолбасшы, дана көсемнің тұлғасы қызығушылықты ояту.

 

Сонымен қатар, 5-6 қазанда Ақмола облысында ханның 300 жылдығына арналған салтанатты шара ұйымдастырылмақ.

 

 

Барлық жаңалықтар