• Басты
  • Жаңалықтар
  • «ҚазАгро» ұлттық холдингі мен Дүниежүзілік банк ынтымақтастық мәселесін талқылады

«ҚазАгро» ұлттық холдингі мен Дүниежүзілік банк ынтымақтастық мәселесін талқылады

13 Ақпан, 2015 12:06
Астанада «ҚазАгро» ұлттық холдингі мен Дүниежүзілік банк өкілдерінің кездесуі болып өтті. Талқылау тақырыбы ауыл шаруашылығының әлемдік даму беталысы және Қазақстандағы осы саланы дамыту мәселелері болды. Бұдан басқа тараптар республиканың агросекторын әртараптандыру және оның ахуал өзгерістеріне бейімделу мәселелерінде ынтымақтастық орнату келешегін қарастырды.

«ҚазАгро» хабарлағандай, кездесу барысында холдинг өкілдері Дүниежүзілік Банктің сарапшыларын ауыл шаруашылығының ағымдағы жағдайымен таныстырып өтті. «ҚазАгро» холдингі Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махажанов Дәурен қонақтарға отандық АӨК-ді қаржыландырудың қолданыстағы механизмдері, Агробизнес-2020 бағдарламасының негізгі бағыттары, субсидиялау жүйесі туралы, сондай-ақ «ҚазАгро» ұлттық холдингінің компаниялар тобын әрі қарай дамытудың өзекті басымдықтары туралы әңгімелеп берді.

Тараптар әлемдік ауыл шаруашылығын да, қазақстандық ауыл шаруашылығын да дамыту туралы көптеген мәселелер бойынша көзқарастарының түйісуі жөнінде ойларын білдірді.

«Қазақстандық холдинг ынтымақтастық келешегі туралы мәселені қозғай келе, ұзақ мерзімді қорландыру, сондай-ақ республиканың агросекторында кредиттік серіктестіктер желісін дамытуды техникалық қолдауға көмек көрсету бағытына мүдделілігін білдірді. Бұл холдингтің қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландырудың барынша қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша атқаратын қызмет бағыттарының бірі», - делінген хабарламада.

Өзара тиімді серіктес қарым-қатынастар орнату үшін «ҚазАгро» мен Дүниежүзілік Банк өкілдерінің арасындағы іскерлік байланыстар әрі қарай жалғаса беретін болады.   

 

Барлық жаңалықтар