• Басты
  • Жаңалықтар
  • Е.Ыдырысов: Қазақстан Алжирді өзінің сенімді әрі конструктивті әріптесі ретінде қарастырады

Е.Ыдырысов: Қазақстан Алжирді өзінің сенімді әрі конструктивті әріптесі ретінде қарастырады

13 Ақпан, 2015 11:49
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Алжир Энергетика министрі Юсеф Юсфимен келіссөздері өтіп, оның барысында энергетика, сауда, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастық, сонымен қатар халықаралық күнтәртібі мәселелері талқыға салынды, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Алжирлік қонақты қазақ жерінде қошеметтей отырып, ҚР СІМ басшысы Қазақстан жалпы араб елдерімен, соның ішінде Магриба мемлекеттерімен өзінің қарым-қатынасын нығайта түсуге ұмтылып отырғанын айтып өтті. «Қазақстан Алжирді өзінің Африка континентіндегі және жалпы Араб әлеміндегі сенімді әрі конструктивті әріптесі ретінде қарастырады», - деді ол.

Кездесу аясында 2013 жылы Қазақстан Африка Одағына бақылаушы статусына ие болғаннан бастап еліміздің Африка мемлекеттерімен жан-жақты қарым-қатынастардың біртіндеп даму динамикасы байқалатыны аталып өтілді.

Е. Ыдырысов Алжирдің «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге Астананың кандидатурасын қолдағаны үшін Алжирге алғысын білдіріп, көрмені дайындау мен өткізуге белседі қатысуға шақырды. Сонымен қатар, ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 ж.ж. тұрақты емес мүшелігіне ұсынымын Алжир қолдайды деп сенімін білдірді.

«Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігіне назар аударды. Екіжақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында, көпжақты институттар шеңберіндегі үйлесімділікті күшейту және алдағы уақытта бір-бірінің бастамаларына қолдау көрсету үшін Қазақстан мен Алжир сыртқы саяси ведомстволары арасында өзара ақпарат алмастыру тәжірибесін қарастыру ұсынылды», - делінген хабарламада.

Қазақстан Алжир экономикасын қызықтыра алатын тауарлар мен өнімдерді, соның ішінде металлургиялық, химиялық, мұнай өнеркәсібі, сондай-ақ ауылшаруашылығы салаларындағы және т.б. өнімдердің кеңауқымды таңдауын ұсына алатыны жеткізілді. Е.Ыдырысов екі ел іскер топтары өкілдерінің кездесуі мемлекеттердің сауда-экономикалық байланыстарына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Барлық жаңалықтар