• Басты
  • Жаңалықтар
  • Г.Әбдіқалықова мен Италия Елшісі елдер арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Г.Әбдіқалықова мен Италия Елшісі елдер арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

12 Ақпан, 2015 20:38
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньянмен кездесті.

Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  2009 жылғы Италияға жасаған ресми сапарының барысында Стратегиялық серіктестік туралы Мемлекетаралық келісімге қол қойылғаннан кейін Стратегиялық әріпестік деңгейіне көтерілген қазақстандық-италияндық қарым-қатынастардың даму серпініне жақсы баға берді.

Италия Қазақстанның әлемдегі үшінші сауда әріптесі болып табылады, сонымен қатар, еліміздің экономикасындағы ең ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Қазақстанның Еуропа Одағы мемлекеттерімен арадағы тауарайналымы жиынтығының 13%-ке жуығы Италияның үлесіне тиеді. Қазақстан экономикасына салынған италияндық инвестициялардың жалпы көлемі 6,5 млрд. долларды құрайды.

Қазақстан Италия халқымен достық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде Аквилде болған жер сілкінісінен кейін (2009 ж.) «Амитернумдегі Қасиетті Биаджо» шіркеуін қайта қалыпқа келтіруге 1,7 млн. евро көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

Кездесу барысында екіжақты  әріптестіктің жай-күйі мен одан әрі ынтымақтастықтың келешегі, оның ішінде италияндық компаниялардың индустрияландырудың екінші бесжылдығына, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың аясындағы инфрақұрылымдық даму жоспарының жобаларына қатысуы талқыланды.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Қазақстан өзінің  жеке ұлттық павильонын ұсыну арқылы Миланда өтетін «ЭКСПО - 2015» халықаралық көрмесіне белсене атсалысуға ниетті екенін атап өтті. Сондай-ақ Гүлшара Әбдіқалықова италиялық әріптестердің Астанадағы «ЭКСПО - 2017» көрмесінің жұмысына белсене қатысатынына үміт білдірді.

 

Барлық жаңалықтар