«Болашақ» бағдарламасы қысқартылмайды - Білім және ғылым министрлігі

12 Ақпан, 2015 17:51
Бүгін Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы қорытындысы бойынша өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Аслан Сәрінжіпов «Болашақ» бағдарламасының қысқартылмайтындығын мәлім етті.

«Болашақ» бағдарламасы қысқартылмайды. Наурыз айында республикалық комиссияның мәжілісі болады. Біз онда «Болашақ» бағдарламасының жаңа қатысушыларына қатысты мәселені талқыға саламыз. Байқау жалғасып жатыр және бұл жүйе сол қалпында қалды. «Болашақ» бағдарламасы еліміздің ең қиын кездерінде де жұмыс істеген»,-деді алқа мәжілісінің барысында журналистердің сауалдарына жауап берген Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов.

Бұған қоса ол Білім және ғылым министрлігінде Президенттің «Болашақ» бағдарламасының жаңа бюджеті қаралып жатқандығын атап өтті. Оның аясында бағдарламаға қатысушылардың шет мемлекеттерде тұруын қамтамасыз етуге бағытталған қаржыны үнемдейтін тетіктерді енгізу жоспарланып отырғандығын атап өтті. «Қазір біз жаңа бюджетті талқылаудамыз. Біз мақсатты дайындық бойынша нақты кәсіпорындар үшін ұсыныстар енгізудеміз. Сонымен қатар тәжірибеден өткізу бойынша тілдік дайындықты осы Қазақстанда жүргізбекпіз. Осы жұмыстардың аясында біз 1-2 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны үнемдейміз. Ол үшін бізге халықаралық әріптестерімізбен бірге арнайы орталық ашу қажет»,-деді министр.  

Индира Кауметова

Суретке түсірген  Азамат Әлиев

Барлық жаңалықтар