• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ә.Жақсыбеков: Халық мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізетін басты буын болуы тиіс (Фото)

Ә.Жақсыбеков: Халық мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізетін басты буын болуы тиіс (Фото)

12 Ақпан, 2015 14:32
Бүгін Астана қаласының әкімдігінде елордада көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.

«Кемшіліктерді анықтайтын, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге объективті баға беретін де осы азамат. «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңда мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық бақылау жүргізу қарастырылған.Оның үстіне, бұл құрал толық көлемде қолданылмайды. Айта кетейік, шетелде қоғамдық бақылау жүргізу кеңінен қолданылады, оларда қоғамдық пікірді зерттейтін, оны жеткізетін, баға беретін, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар жасайтын арнайы ұйымдар құрылады, - деп атап өтті Астана әкімі. 

Қала әкімдігі хабарлағандай, семинар-кеңестің жұмысына барлық мемлекеттік органдардың, ведомствоға қарасты ұйымдардың, сонымен қатар, қала бойынша мемлекеттік қызметтер көрсететін ХҚКО қалалық филиалдарының басшылары қатысты. 

«Бәріміздің мақсатымыз - халыққа қызмет ету және оны сапалы орындау. Сәйкесінше, ұсынылатын мемлекеттік қыызмметтердің сапасын арттыру бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру мәселелеріне халық та қатысуы керек. Халық мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізетін басты буын болуға тиіс», - деді қала басшысы.

Кеңес барысында мемлекеттік қызметтер көрсетудегі негізгі проблемалық мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев,  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Дулат Азбергенов, «Астана қаласы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК директоры Руслан Ақтаев, «Астана қаласының КЕҰ Форумы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Баян Ахметжанова баяндама жасады.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева қалалық емханаларда кезектерді азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов кеңеске қатысушыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйдің жоқ екендігі туралы анықтамалар беру кезіндегі жағдайды жақсарту бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны жайлы айтып берді. Сонымен қатар, қоғамның – халық пен кәсіпкерлік өкілдерінің де пікірлері тыңдалды.

Жұмыс тобының жұмысының қорытындысы бойынша Әділбек Жақсыбеков Ұлттық экономика министрлігіне тиісті ұсыныстармен хат жолдауды тапсырды.

 

Барлық жаңалықтар