Астанада қатерлі ісік ауруларына шалдығу оқиғалары төмендеп келеді

11 Ақпан, 2015 20:04
2014 жылы Астанада қатерлі ісік ауруларына шалдығу оқиғалары төмендеді, деп хабарлады денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Астана қаласының бас онкологы Мұхтар Төлеутаевтың мәліметінше, 2014 жылы елордада онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 165,8-ді құрады. 2013 жылы бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 172,3-ті құраған еді.

Төлеутаевтың пікірінше, обырға шалдығу жағдайларының азаюына әсер еткен факторлардың бірі - қаладағы жайлы экологиялық ахуал.

Дей тұрғанмен, онкологиялық аурулар санының артуы дамыған елдердің барлығы үшін денсаулық сақтау саласының негізгі проблемаларының біріне айналған. Өйткені, қатерлі ісік аурулары өлім-жітім мен мүгедектіктің басты себептерінің бірі саналады. 

Франция, Канада, Германия, Италия, Жапония сияқты әлемнің көптеген елдерінде обырмен сырқаттанушылық көрсеткіші жоғары. Қазақстанда бұл көрсеткіш ТМД елдерімен салыстырғанда біршама төмен. 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 150 436 адам онкологиялық ұйымдарда тіркеуде тұр.   

Еске сала кетейік, скринингтік медициналық тексерістер қатерлі ісік ауруларының алдын алуда және ерте анықтауда барынша тиімді әдіс боп табылады. Бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау ұйымдары ауруы ерте кезеңде анықталған науқасты дертінен айықтыруға қажетті озық технологияларға ие.     

Ауруды ерте анықтау нәтижесінде Қазақстанда 2014 жылы қатерлік ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 94,0-ге төмендеді. 

Барлық жаңалықтар