• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда бизнес өкілдері үшін 700-ден астам рұқсат құжаты е-форматта берілді - ҰАТ

Қазақстанда бизнес өкілдері үшін 700-ден астам рұқсат құжаты е-форматта берілді - ҰАТ

11 Ақпан, 2015 16:34
2014 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бизнес үшін автоматтандыруға тиісті барлық рұқсат құжаттарын электрондық форматқа аударды. Осылайша, Елбасының рұқсат беру жүйесін жеңілдету мен бизнеске әкімшілік жүктемені қысқарту тапсырмасы орындалды, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні Қазақстанда бизнес өкілдері үшін 700 астам рұқсат құжаттары беріледі. «Е-лицензиялау» жүйесінің жұмыс істеу кезеңі бойынша автоматтандыруға тиісті барлық лицензиялар, рұқсат құжаттары мен хабарламалар автоматтандырылды, деп хабарлады компания.

2014 жылдың қорытындысы бойынша электрондық лицензиялау порталының ең танымал қызметі болып «Маманға біліктілік санатынсыз сертификат беру» қызметі танылды, өткен жыл ішінде бұл қызмет электрондық түрде 51 435 рет алынды. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғарыжиілікті құрылғыларды қолдануға рұқсат құжаты 34 631 рет берілді.

Танымалдылық бойынша үшінші орында - маманға біліктілік санатын иелену туралы сертификат беру қызметі – 24 918 бірлік. Өткен жыл ішінде он мыңнан астам рет алынған қызметтердің ішінде қауіпті қалдықтар паспорттарын тіркеу (16171) мен шетел еңбек күшін тартумен байланысты рұқсаттар (11975). 

«Рұқсат құжаттары жүйесін автоматтандыру азаматтар мен рұқсатты беруге жауапты қызметкерлер арасындағы тікелей байланысты жояды. Өтініштер қатал кезек тәртібінде қарастырылады. Бұл осы саладағы жемқорлықтың жойылуына себепкер болады» - деп «Ұлттық Ақпараттық Технологиялар» АҚ мемлекеттік органдардың АЖО дамыту жөніндегі директоры Бағлан Бекбауов хабарлады.

«Атқарылған жұмыс талап етілетін құжаттар санын 50%-ға қысқартуға мүмкіндік туғызды. Бұрын маманға санат иелену туралы сертификатты алу үшін 10 құжат керек болатын. Қазір Е-лицензиялау порталында электрондық тапсырыс пен деректер формасын толтырса жеткілікті» - деп толықтырды ол.  

Естеріңізге салсақ, «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі 2008 жылы лицензиялау, рұқсат құжаттары процесін автоматтандыру және лицензиар – мемлекеттік органдары мен Қазақстанның бизнес қауымдастығы арасында тиімді байланысты қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Құрылу кезінен бастап жүйемен 370 мыңнан астам рұқсат құжаты, хабарламалар мен 120 мыңнан астам лицензия берілді. Жүйе халықаралық WSIS Project Prizes 2013 байқауында «E-Business» санатының үздік жобасы атанды.   

Барлық жаңалықтар