• Басты
  • Жаңалықтар
  • 850-ден астам қазақстандық дәрігер онкология мәселелері бойынша оқытылды - ДСӘДМ

850-ден астам қазақстандық дәрігер онкология мәселелері бойынша оқытылды - ДСӘДМ

11 Ақпан, 2015 10:15
2014 жылы 850-ден астам қазақстандық дәрігер онкологиялық аурулардың профилактикасы, ерте кезеңде диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша оқытылды.

«Атап айтқанда, Онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының мамандары, оның ішінде жалпы тәжірибе дәрігерлері, учаскелік терапевтер үшін онкологиялық қырағылықты арттыру және қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңде диагностикалау мәселелері бойынша 2014 жылы 13 көшпелі семинар өткізіліп, 478 адам оқып шықты», - деп хабарлады денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.  

Қазақстан Республикасында Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2014 жылы 74 маман онкология саласы, оның ішінде балалар онкологиясы және гематология; клиникалық морфология және онкоцитология; жоғары технологиялық сәуле терапиясы, ядролық медицина, радиохирургия және брахитерапия бойынша шетелдерде оқытылды. Қазақстандық дәрігерлер Ресей, Латвия, Беларусь, Германия, Франция, Түркия, Чехия және Үндістан сияқты елдерде жоғары технологияларды игерді.       

Онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институты базасында Ресей, Латвия, Оңтүстік Корея, Италия, Германия, Нидерланды, Израиль және Чехиядан 18 шетелдік жетекші маман шақырылып, онкологияның өзекті мәселелері бойынша 183 маман біліктілігін көтерді.   

Сонымен қатар, 2014 жылы Онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институты базасында 117 маман онкология, сәулелік диагностика және сәулелік терапия мамандықтары бойынша біліктіліктерін арттыру курстарынан өтті.  

 

Барлық жаңалықтар