Чехия елшісі ШҚО-ның инвестициялық тартымдылығын атап өтті (Фото)

10 Ақпан, 2015 19:23
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Қазақстан Республикасындағы Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жиговамен кездесу өткізді, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

Кездесуде аймақ басшысы Даниал Ахметов екі ел арасындағы серіктестіктің күшейіп келе жатқанын атап өтті. «Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл санап өсіп келеді. Сіздердің отандық автокөліктеріңіз біздің өңірімізден шығарылуда. Серіктестігіміздің күшеюі ең алдымен екі елдің өзара түсініскенінен деп ойлаймын. Туризм және көлік құрастыру саласында біздің мамандардың сіздерден үйренері көп. Сондықтан, серіктестігімізді күшейту қос елге де тиімді, – деді Д. Ахметов.

Жақында ғана Қазақстан Республикасындағы Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі болып тағайындалған Элишка Жигова Шығыс Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын, екі ел арасындағы серіктестікті күшейтудің маңызы зор екендігін мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасымен серіктестікті күшейту Чехияға тиімді. Республиканың өзге өңірлерімен бірге Шығыс Қазақстанның да қарыштап дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Дамыған индустриалды аймақ санатындағы Шығыс Қазақстан мен Чехия Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Э. Жигова.

Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан облысы мен Чехия Республикасы арасындағы тауар айналымы 2014 жылы 117,4 млн. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге көп

 

Барлық жаңалықтар