• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі байқалуда – ДСӘДМ

Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі байқалуда – ДСӘДМ

10 Ақпан, 2015 12:18
Қатерлік ісік ауруларын ерте анықтау нәтижесінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас онкологы Қуаныш Нұрғазиев мәлімдеді.

«Обырды ерте анықтау нәтижесінде елімізде қатерлік ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеп келеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2014 жылы бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 94,0 құрады (2013 жылы – 99,49)», - деді Қ.Нұрғазиев.  

Қуаныш Нұрғазиев өз баяндамасында мәлімдегендей, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда онкологиялық ұйымдарда 150 436 науқас тіркеуде тұр (2013 жылы – 146 404 науқас).

«Онкологиялық науқастар санының артуына қатерлі ісік ауруларының көбеюі негіз болған. Бұл үрдіс әлемнің дамыған елдерінің барлығына тән. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2020 жылға қарай әлемде 20,6 млн. онкологиялық дерттердің жаңа жағдайлары тіркеледі», - деді ол.  

Еске сала кетейік, Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде 4 ақпанда Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. 2015 жылы бұл күн «Бұл қолжетімді» ұранымен өтті.   

Индира Қауметова

 

Барлық жаңалықтар