Жамбыл облысында АӨК саласында 142 инвестициялық жоба жүзеге асырылды

9 Ақпан, 2015 10:49
2014 жылы АӨК саласында жалпы құны 5 279,5 млн. теңгеге 142 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1136 тұрақты жұмыс орындары ашылды.

Облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 2014 жылы 7054,5  млн. теңге субсидия бөлініп, игерілді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1853,1 млн. теңге, облыстық бюджеттен – 5201,4 млн. теңге, деп хабарлады облыс әкімдігі.  

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2014 жылы 162,8 млрд. теңгені құрады немесе 2013 жылмен салыстырғанда 102,6%.

«Өткен жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқаптар 580,4 мың гектарды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 37,6 мың гектарға артық болды», - делінген хабарламада.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты масақты дақылдардан гектарына орташа түсімділігі 8,6 центнерден өнім алынып, барлығы 202,9 мың тонна астық бастырылып, көкөніс және бақша дақылдарынан 872,0 мың тонна өнім алынды.

Есепті кезеңге 24,0 мың гектар алқапқа нөлдік және минималды технология (2013 ж. – 23,0), 4986 га алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді.

Облыста жалпы көлемі 29,7 гектарды құрайтын 406 жылыжай жұмыс істеуде. Оның ішінде 2,5 гектарды құрайтын 1 жылыжай 2014 жылы іске қосылған.

Шаруашылықтың барлық санаттарында 89 мың тонна ет өндіріліп,  өткен жылмен салыстырғанда 8,7%, 268,9 мың тонна сүт өндіріліп, 2013 жылмен салыстырғанда 2,3%-ға өссе, 100,0 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, 0,7%-ға,
5,1 мың тонна жүн қырқылып, 0,2%-ға артты.

 Облыстағы мүйізді ірі қара малдың саны 314,4 мыңды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға артса, қой мен ешкі саны - (2507,3 мың бас) 1,8%-ға, жылқы – 5,0%-ға (96,7  мың бас), түйе –1,3%-ға өсті.  

Есепті жылы «Сыбаға»  бағдарламасы шеңберінде 56 шаруа қожалықтарына 722,2 млн. теңгеге несие беріліп, оған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен 3968 МІҚ мал сатып алынды.

Барлық жаңалықтар