Семейде тұрғын үй құрылысына қосымша 2 млрд теңге бөлінеді

3 Ақпан, 2015 10:53
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары аясында Семейдегі бірқатар нысандардың құрылысы және өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Семей қаласы әкімдігінен хабарлағандай, ол аралаған бірінші нысан 1200 балаға есептелген Юность ауылындағы жаңа мектептің  және Қарағайлы шағын ауданындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылыс  алаңы болды.

Ал, жаңа жедел медициналық көмек станциясы аймақ басшысы Даниал Ахметов аралаған келесі құрылыс нысанына айналды.

Бұдан басқа, әкім қаланы абаттандыру бойынша кеңес өткізді. Алқа мәжілісінде қаланың орталығы мен Ертіс өзені жағалауын абаттандыру бойынша жобалар таныстырылды.

«Маған қаланы абаттандыру бойынша жобалар ұнады. Онда көрсетілген барлық жұмыстар жүзеге асырылу үшін қосымша 300 млн теңгені бөлуді тапсырамын», - деді Даниал Ахметов.

Архитекторлардың жобаларын мақұлдаған өңір басшысы, алдағы мамыр айында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтетінін еске салып, орталық алаңды абаттандыру бойынша жұмыстар қыркүйек айына дейін толығымен аяқталуы керек екендігін хабарлады.

«Семей - Қазақстандағы көне қалалардың бірі және ол  қамқорлық көрсетуге және көркін келтіруге әбден лайықты. Өткен жылы қалаға небәрі 14 млн теңгеге гүл отырғызылды. Мен бұл көрсеткішті еш болмаса 100 млн теңгеге дейін арттыруды тапсырамын»,- деп атап өтті ШҚО басшысы.

Бұдан басқа Даниал Ахметов қала активіне ШҚО бюджетінен тұрғын үй құрылысына қосымша 2 млрд теңге бөлінетінін хабарлады.

«Қомақты қаржы Семейдегі тұрғын үй құрылысының белсенділігін арттыруға бағытталады, 1 млрд теңге тікелей қаржыландырылса, 500 млн «Ертіс»ӘКК арқылы бөлінеді, тағы 500 млн теңге өзгеде көздер арқылы беріледі»,- деді ол. 

Барлық жаңалықтар