• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ж.Қасымбек: Қазақстанда 2020 жылға дейін автожол саласында 12 мегажоба іске асырылады

Ж.Қасымбек: Қазақстанда 2020 жылға дейін автожол саласында 12 мегажоба іске асырылады

2 Ақпан, 2015 16:14
Қазақстанда 2020 жылға дейін автожол саласында 2,4 трлн теңгеге 12 мегажоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Елбасы өз Жолдауында Қазақстан үшін бірінші кезектегі міндет ретінде автомобиль жолдарын салуды атап көрсетті, бұл көліктік хабты қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес келеді. Бұл макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Инфрақұрылымдық қаңқа Астана және макроөңірлерді магистаралді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін автожол саласында 2020 жылға дейін жалпы құны 2,4 трлн теңгеге 12 мегажоба іске асырылмақ», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, оның ақпараты бойынша, 7,5 мыңнан астам жолды қалпына келтіру жоспарланған. 2015-2017 жылғы бюджет жобасында 707 млрд теңге қарастырылған. Қосымша Ұлттық қордан 2015-2016 жылдары 321 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр атап өткендей, бұл жобаларды толық жүзеге асыру үшін 2020 жылға дейін халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тарту көзделген. 

Ж.Қасымбектің айтуынша, Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мыңнан асып жығылады.

«2001 жылдан автомобиль жолдарын қалпына келтіруге 1,8 трлн теңге инвестициялаған. Оның 73 пайызы республикалық маңыздағы жолдарға, 27 пайызы облыстық және аудандық маңыздағы жолдарға жұмсалған. 2007 жылдан бастап жергілікті желіні қаржыландыру айтарлықтай өсті. Саланы дамытуда алты халықаралық дәлізді қалпына келтіруге басымдық берілді», - деді Ж.Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрлігі «Нұрлы жол» аясында бағдарлама әзірлеуде. Еліміздің аумақтық дамуының хабтық жүйесі енгізіледі. Аталған бағдарлама 17 инфрақұрылымдық жобаны қамтиды, оның 12-сі автожол саласында, қалған 5-і темір жол инфрақұрылымы және теңіз порттары, Астана әуежайы бойынша іске асырылады.

Камила Амирова 

Барлық жаңалықтар