• Басты
  • «Дала қыраны-2015» бітімгершілік оқу-жаттығуының алғашқы кезеңі 2015 жылдың сәуір айында өтеді

«Дала қыраны-2015» бітімгершілік оқу-жаттығуының алғашқы кезеңі 2015 жылдың сәуір айында өтеді

1 Ақпан, 2015 19:28
Алматы қ. 61993 әскери бөлімінің базасында АҚШ Қарулы Күштерінің өкілдерінің қатысуымен «Дала қыраны-2015» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуына даярлық жұмыстары аяқталды.

ҚР Қорғаныс министрлігінен хабарлағандай, «Дала қыраны-2015» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуын өткізу екі кезеңде өтеді. 1-кезең – ағымдағы жылдың сәуір айына, ал 2-кезең – маусымға жоспарланған.

«Дала қыраны» оқу-жаттығуының бірінші кезеңінде «Қазбат» бітімгершілік батальонын бейбітшілікті қолдау жөнгіндегі көп бейінді операцияларға сәйкес көпұлтты күштер құрамына жүктелген міндеттерді орындауға қабілеттілігі тексеріледі.

Ақпарат бойынша, қоғамдық тәртіпті ұйымдастыру, елді мекенді қоршау және жергілікті жерді босату мәселелері пысықталатын болады. Сонымен қатар, ұрысты күзету әдістері, күш қолдану ережелерін сақтау, адамдар мен автокөліктерді тексеру жұмыстарын ұйымдастыру, жарылғыш заттарды айқындау, байланысты ұйымдастыру және халықаралық стандарттарға сәйкес келіссөздер жүргізу біліктілігін тексеру, әскери-азаматтық әрекеттесі, бақылау постында қызмет атқару және алғашқы медициналық жәрдем көрсету, жаралыларды эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетерлік жайт, тұңғыш рет саяси процесске жәрдемдесу мақсатында бұрынғы комбатанттарды қарусыздандыру, демобилизациялау және реинтеграциялау жұмыстары пысықталуда.

Естеріңізге сала кетсек, «Дала қыраны» оқу-жаттығуы «Қазбригтің» бейбітшілікті қолдау операцияларында көпұлтты күштер құрамында жедел үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған. Аталмыш оқу-жаттығу 2003 жылдан бері өткізіліп келеді.Жыл сайын оқуға 1500-ден астам адам, шетелдің әскери өкілдері, НАТО түрлі штабтарының сарапшылары мен Қазақстанда тіркелген әскери дипломатиялық корпус қатысып келеді. 
 

Барлық жаңалықтар