Қазақстанның 10 колледжі ИИД МБ аясында ел өндірісіне инновация енгізбек

19 Қаңтар, 2015 12:21
Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында 10 колледж іріктеліп алынды. Олар жоғары технологиялық инновациялық өндірісті қамтамасыз ететін маман дайындамақ, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі.

2015-2019 жылдарға арналған Индустриялды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы аясында іске асырылып жатқан жобалар өндірісте технологияның инновациялық түрлерін енгізуді қажет етеді. Ол үшін жоғары технологиялық өндірістерде жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандар дайындауға қажеттілік туындайды. Осы мақсатта маман дайындаудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін 10 колледж іріктеліп алынып, оларға жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет.

Мәселен, бірінші кезекте тиісті өңірлік аймағына байланысты 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобаларының салалық мамандануына сай оқу орындарын қайта мамандандыру ұсынылуда.

Ары қарай сұранысқа ие әрбір мамандық бойынша жобалардың технологиялық процесі мен кәсіби стандарттары негізінде білім беру бағдарламалары қайта қаралады.

Жобаларды сараптау негізі мен 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның басым салалары негізінде және ҚР Білім және ғылым министрлігі жұмыспен қамту құрылымдарына 6 өңірлік аймақ бөлінді. Атап айтар болсақ олар Орталық, Солтүстік, Батыс, Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс өңірлер.

Естеріңізге сала кетейік, 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қажеттілігі үшін «нақты қажетті маман дайындауды» қамтамасы ету мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі айтылған өңірлерде 10 колледжді іріктеп алды. Атап айтар болсақ олар Атырау қаласындағы политехникалық колледж, Ақтөбе политехникалық колледжі, Батыс Қазақстан индустриялды колледжі, Қостанай политехникалық колледжі, Астана қалалық политехникалық колледжі, Қарағанды политехникалық колледжі, Өскемен политехникалық колледжі, Павлодар технологиялық колледжі, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі мен Алматы мемлекеттік бизнес колледжі.  

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар