• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚХР өнер қайраткерлері Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған шараларға қатысады

ҚХР өнер қайраткерлері Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған шараларға қатысады

16 Қаңтар, 2015 13:34
Жамбыл облысы делегациясы ҚХР-мен арадағы мәдени ынымақтастықты талқылады, деп хабарлайды облыстың ішкі саясат басқармасы.

«Басты назарда қазақстан-қытай өңіраралық ынтымақтастығы болды. Осы орайда Жамбыл облысы мен Шэнси провинциясы арасында тиісті Меморандум бар», - делінген хабарламада.

Мәдени ынтымақтастық аясында өнер мен мәдениет саласында тәжірибе және технологиямен алмасу бойынша бірлескен халықаралық фестиваль өткізу мен қытай археологтарының ежелгі Тараз қаласына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасауға ат салысуы бойынша келісімге қол қойылып, ҚХР өнер қайраткерлері қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараларға қатысуға ниет танытып отыр. Соның ішінде Тараз қаласында «Шәй үйінің» ашылуы үлкен жаңалыққа айналды. Ол «Қазақстан-Қытай» достастығы мен ынтымақтастығы керуені аясында қолға алынған.

Тараптар білім саласындағы құрылымдық қатынастарға көңілдері толатынын айтысты. Атап айтар болсақ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Сиан педагогикалық университеті арасында студент және оқытушылар алмасу ынтымақтастығына дайын екендіктерін білдірді.

Сонымен қатар, мәліметке сүйенсек, сапар барысында іскерлік орта, ғылым, мәдениет, білім беру саласы өкілдерінің қатысуымен бизнес форумы өтіп, онда Жамбыл облысы делегациясы экономикалық, мәдени, туристік және білім беру саласындағы өңірдің әлеуетін таныстырды.  

Сапар қорытындысы бойынша, облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, мәдениет басқармасы жетекшілері әлеуетті инвесторлармен бірқатар келіссөздер жүргізіп, ҚХР ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшылығымен жолықты. Онда Қытайдың бизнес құрылымдарымен бірлескен инвестициялық жоба іске асыру туралы келісімге қол қойылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 11-15 қаңтарында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегацияның ҚХР-на ресми сапары өтті. 

Барлық жаңалықтар