• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда медициналық көмек сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылады

Қазақстанда медициналық көмек сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылады

15 Қаңтар, 2015 15:48
Халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы ҚР Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес халықаралық стандарттарға сай жасалады, деп хабарлады primeminister.kz сайты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне сілтеме жасай отырып.

«Заң жобасының басты мақсаты: медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қолданыстағы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру болып табылады», - делінген хабарламада. 

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында және 2012 жылғы желтоқсандағы «Қазақстан-2050 стратегиясы». Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. 

Атап айтқанда, хабарламаға сәйкес ұсынылған өзгертулер мен толықтырулар фармацевтикалық сектор, ағзалар мен тіндерді транпланттау, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаларды құқықтық реттеу, телемедициналық қызметтер көрсету, ұлттық медицина дәрежесін және азаматтарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелерін реттейді. Бұл шаралар медициналдық көмектің қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. 

Заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе кеңінен қолданылды. Клиникалық зерттеулерді құқықтық реттеу мақсатында денсаулық сақтау жүйесін нығайту жөніндегі Таллин хартиясының ережелері, инфекциялық емес аурулар және салауатты өмір салты туралы Мәскеу декларациясы, Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясы, дәрілік препараттарға қатысты Еуропа Парламенті мен Еуропалық Одақтың директивалары пайдаланылды. 

«Жалпы, әр елде денсаулық сақтау саласын нормативтік реттеу шараларының өзіндік ерекшеліктері болады. Дегенмен, барлығына ортақ нәрсе – медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, әкімшілік шараларды оңайлату, бюрократизмді азайту, медициналық көмек сапасының жаңа өлшемдерін әзірлеу және науқастармен арада кері байланыс орнату қағидалары болып табылады», - деп нақтылады министрлікте. 
 

Барлық жаңалықтар