• Басты
  • Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді құқықтық базасы жасақталған – БҚО әкімі

Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді құқықтық базасы жасақталған – БҚО әкімі

15 Қаңтар, 2015 19:33
БҚО-да Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Жиынға Ассамблея кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент басшылары, аудан әкімдері мен орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдері мен ішкі істер қызметкерлері, жергілікті атқарушы құрылым өкілдері - барлығы 170-тей адам қатысты, деп аймақ басшысының әкімдігінен хабарлады.

«Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының 2014 жылдың 29 тамызындағы Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды. Сондай-ақ осы жыл аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өту, Қазақ хандығы құрылғанының 500 жылдығын және ҚР Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толуын қалай атап өтеміз, соны ақылдаспаққа жиылдық, - деді жиынға төрағалық еткен облыс әкімі,  БҚО Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев. - Президент тапсырмасымен Үкімет Қаулы қабылдады, іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жылды атап өту жөнінде республикалық комиссия құрылды. Облыс деңгейінде де комиссия құрылып, шаралар жоспары жасақталған болатын», – делінген хабарламада.

Облыстың ішкі саясат басқармасынан хабарлағандай, комиссияның бұл екінші отырысында аталған төрт аса маңызды шараның өткізілу жай-жапсары жан-жақты талқыланды. Облыс деңгейіндегі шаралардың республикалық жоспармен үйлесімділік табуына жіті мән берілді. Мәселен, Ассамблея жылының ашылуы ел бойынша бір сәтте - 6 ақпан күні салтанатты шарамен аталып өтілмек. Ассамблея жылындағы мақсат-міндеттер жөнінде  облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, іс-шаралардың өтуі жайында БҚО Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов баяндама жасады. Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындық, өткізілу барысына, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсет Нәріков Жеңістің 70 жылдығы мен ҚР Конситуциясының 20 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру жайына жан-жақты тоқталды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мерейлі жылдағы аса ауқымды бұл шаралардан ешкім де тыс қалмауы керектігін атап өтті.

«Бұл шаралардың Ассамблея жылы аясында мерекеленуі тегін емес. Себебі «Ассамблея - бұл бүкіл қазақстандықтар, 17 миллион Қазақстан халқы» деп Елбасының өзі айтқан болатын. Мұндай тарихи оқиғаларымызды жалпыхалықтық  деңгейде атап өту арқылы  ынтымағымыз арта түседі. Шаралар ұйымдастыруға әрқайсымыз атсалысып, белсенділік танытуымыз керек. Бұрын басталған, өңіріміздің әр ауылын қамтыған Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы биыл да жалғасын табады. Осы жиын барысында айтылған ұсыныстар да қаралады. Мерейлі жылдағы атаулы мерекелерді жоғары деңгейде атап өтуге қолдан келген көмек көрсетуді жергілікті атқарушы биліктен талап етемін», - деді облыс әкімі.

Барлық жаңалықтар