• Басты
  • Т.Исабеков: "Нұрлы жол" - ел дамуының құнды құжаты
14 Қаңтар, 2015 17:04

Т.Исабеков: "Нұрлы жол" - ел дамуының құнды құжаты

"Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясаты — еліміздің алдағы бағытын, мақсат-міндеттерін айқындаған құнды құжат, дейді Ақтөбе облыстық әділет департаментінің басшысы Тимур Исабеков Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында.
Т.Исабеков: "Нұрлы жол" - ел дамуының құнды құжаты

"Өткен жыл Қазақстан халқы үшін жаңалыққа толы жыл болды. Себебі өткен жылы Астанада Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойылды, 1 қыркүйектен бастап мүлікті жария ету акциясы басталды, министрліктер ықшамдалып, жаңа үкімет құрылды. Ең бастысы, 2014 жылдың 11 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Бұл Жолдау — еліміздің алдағы бағытын, мақсат-міндеттерін айқындаған құнды құжат", - дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, құжатта баспана мәселесіне үлкен көңіл бөлінген. Ендігі жерде мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспана салып, оны тұрғындарға сатып алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және барынша төмен пайызды несие арқылы ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін  қосымша 180 миллиард теңге бөлінетін болды. 

Сонымен қатар, құжатта жол мәселесіне үлкен мән берілген. «Жол — шын мәнінде, өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс» — делінген Елбасы Жолдауында. 

Жолдардың салынуы, соның нәтижесінде аймақтардың өзара байланысының жақсаруы елдің ішкі әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Ал бұл тұтас елдің дамуына тың серпін береді. 

Елбасы өз сөзінде «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Бұл мерекелер тарихымызда із қалдырған, ерекше орын алатын құндылығымыз» — деп атап өткен болатын. 

"Қазақстан халқының Конституциясы — еліміздің басты құқықтық құжаты. Құндылықтарды айқындайтын ең негізгі заңымыз. Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау жұмыстарын жалғастыру бойынша да нақта тапсырмалар берді. Қазақстанда бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлік субъектісі — заңды тұлға үкіметтің  www.egov.kz электрондық порталы арқылы тіркеледі. Мұндай тіркелу түрі шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті, ал орта кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті емес. Тіркеумерзімі — 1 күн. 2013 жылдың 9 қаңтарында заңды күшіне енген «Заңды тұлғаларды тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, тіркеуші органға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жарғылары тапсырылмайды, ЖШС тіркеген кезде тұрған орнын растайтын құжат қажет емес және ЖШС құрылтайшысы заңды тұлға болған жағдайда оның салық берешегі жоқ екендігі туралы анықтама талап етілмейді. Тіркеу туралы куәлік қажет болған жағдайда заңды тұлға оны өздігінен электронды анықтама арқылы ала алады. Мұның барлығы еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға үлкен қолдау", - деп түйіндеді өзі сөзін Тимур Исабеков.

Барлық жаңалықтар