Қазақстан Түркияның рухани басқармасымен ынтымақтастықты дамытуда

13 Қаңтар, 2015 09:16
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитеті төрағасы Ғ.Шойкин бастаған комитет делегациясы Түркияға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚР СІМ.

Сапар барысында Түркия Үкіметі жанындағы дін істер басқармасы төрағасы Мехмет Гөрмезбен, «Хасеки» жоғарғы діни орталық басшылығы, Анкара, Стамбул, Кония, Невшеһир қалаларының діни мекемелер басқармалары жетекшілігімен кездесу ұйымдастырылды.

Министрліктің хабарлауынша, кездесу барысында Қазақстанның мен Түркияның дін істері құрылымдары өкілдері рухани оқыту, екі елдің мемлекеттік органдары арасындағы тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Түркия дін істері басқармасының басшысы М.Гөрмез рухани білім беру саласында бауырлас Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді. Оның айтуынша, Түркияда 85 мыңнан астам мешіт пен 700-ден астам теологиялық лицейлер мен Құран үйрету курстары қызмет етуде. Ел университеттерінде 100-ден астам теологиялық факультеттер бар. ТР дін істері басқармасы құрылымында 1000-нан астам қызметкер еңбек етуде.

Айта кету керек, Түркия өңірдегі мемлекеттің діннен бөлек жұмыс істейтін санаулы мемлекеттерінің бірі. Түркияның моделі мұсылман қоғамында зайырлы мемлекет құрумен ерекшеленеді. Оның басты ерекшелігі, тұрақты даму мен экономикалық өсімнің тұрақтылығы. Діни бірлестік пен мемелкеттік билік арасындағы құрылымдық келісім ұлттық келісімді сақтау ен елдегі діни экстремизм мен лаңкестікті алдын алудың басты құралы болып табылады.

Хабарламада айтылғандай, Түркия имамдары мемлекеттік қызметкер есебінде және мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Елде лицейлер мен колледждер деңгейінде діни ағарту орындары желісі бар, олар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар университеттердегі діни білім беретін факультеттер де мемлекет қамқорлығында. Осының арқасында діни сауаттылық деңгейі рухани жағынан да, халық тарапынан да жоғары деңгейде. Елдегі мұсылмандардың 97 пайызы дін істер басқармасына сенім артады және елде лаңкестік жоқтың қасы.

Кездесу қорытындысы бойынша, дін саласында тәжірибе алмасу, Түркияда қазақстандық дін қызметкерлерін оқыту арқылы теологиялық білім беру саласындағы екі елдің дін істері ведомствалары арасында ынтымақтастық туралы Хаттама дайындау туралы келісімге қол жеткізілді. 

Барлық жаңалықтар