СҚО-да ҮИИД МБ-2 екiншi бесжылдығы аясындағы алғашқы жоба iске қосылды

9 Қаңтар, 2015 16:03
Солтүстiк Қазақстан облысында өңiрлiк Индустрияландыру картасының екiншi бесжылдығы аясындағы бiрiншi жобасы iске қосылды, деп хабарлады облыс әкімдігінен.

«Радуга» ЖШС-нiң Бескөл филиалында халық тұтынатын тауарлар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қажеттi құбыр мен металл өнiмдерiн өндiру бойынша жаңа кешен ашылды. Зауытта «Бизнестiң жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жаңа цехтар ашылып, заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұл шара компанияның 2015 жылдың соңына дейiн 1,5 млрд теңге көлемiндегi тауардың 100-ге тарта түрiн шығаруға мүмкiндiк бередi.

«Елбасы айтқандай, Қазақстан экономикасының 6%-ға өсуiн қамтамасыз ету үшiн жыл сайын 10 мың жұмыс орны ашылуы керек. Бұл бағытта облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Зауыт өндiрiсiн кеңейтуге байланысты 40 жаңа жұмыс орны ашылды», — дедi өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов.

Әкімдіктен хабарлағандай, компания 10-нан  200 литрге дейiнгi қоқыс қаптары мен пакеттерiн шығаратын болады.

«Құбыр желiсi су құбырлық, кәрiздiк, диаметрi 20-дан 110 миллиметрге дейiн электромонтаждық құбырлар өндiрiсiмен қамтамасыз етедi. Металл цехында бiз киiм кептiргiштер, үтiктеуге арналған тақталар мен басқа да кең қолданыстағы тауарлар шығарамыз», — деп атап өтілген хабарламада.

Кәсiпорын өзiнiң дистрибьюциялық жүйесi арқылы өнiмдерiн Қазақстанның барлық өңiрлерiне, РФ шекаралық облыстары: Омбы, Дзержинский, Челябi, Саран қалаларына жеткiзуге мүмкiндiк алады.

Барлық жаңалықтар