Сауда және қызмет көрсету саласында Атыраулық жоба үздік шықты

5 Қаңтар, 2015 11:04
Атыраулық Ержан Нұршановтың «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы жыл қорытындысы бойынша сауда және қызмет көрсету саласында үздік деп танылды, деп хабарлайды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

«Алматыда «Жылдың үздік кәсіпкері» жастар байқауының нәтижесі шығарылды. Шара республикалық Жастар кәсіпкерлігі форумы аясында «Даму» Қорының қолдауымен «Enactus Kazakhstan» ұлттық кеңсесі тарапынан ұйымдастырылып отыр. Аталмыш байқауға жалпы саны Қазақстанның 11 өңірінен 8 аталым бойынша 30 өтініш келіп түсті», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, «Жас кәсіпкерлік мектебі» Атырауда жұмыс істеп жатқанына жарты жыл толған жоқ. Дегенмен осы уақыттың өзінде аталмыш мектептен оқып шыққандар саны 500-ден асады. Жас кәсіпкерлік мектебі – бастауыш кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Мұнда кәсіпкерлік негіздерін үйреніп қана қоймай, сонымен қатар жас кәсіпкерлердің бизнес жобаларын ілгерілетуге де мүмкіндік бар.

«Бұл аталым – атқарылған жұмыстың нақты бағасы. Ол Атырау халқына пайдалы. Алдағы уақытта мұндай қолдау шараларын көбейте түсеміз», - дейді Ержан Нұршанов.

Барлық жаңалықтар