Еуразиялық интеграция. ҚР Президентінің Жолдауы. Үкімет -2014

31 Желтоқсан, 2014 11:31
2014 жылдың ең маңызды халықаралық деңгейдегі шараларының бірі Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы Президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ туралы Келісімге қол қоюы болды.

Еуразиялық интеграция

«Кеден одағы мемлекеттері арасындағы бірлескен шекаралар біздің елдеріміздің азаматтары кедергісіз кесіп өту үшін, жүктер мен тауарлар, валюта қаржыларын алып өту үшін мөлдір болды. 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард долларға жетті. Біздің Ресей мен Беларуське экспортымыз 63 пайызға өсті, оның ішінде өңделген тауарларды шығару 2 есеге ұлғайды. Біз ресейлік және беларусьтік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашудамыз. Біздің елдерімізде жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарды өзара тану туралы келісім жұмыс істейді», - деген болатын Мемлекет басшысы Еуразиялық интеграция туралы.

Жоғарыда аталған құжатқа сай, экономикалық бірлестік 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одақ базасында күшіне енеді.

Елбасының айтып өткеніндей, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия табысты жұмыс істеп тұр. Қазақстан, Беларусь және Ресей Біртұтас Кеден кодексін қолданып, өздерінің макроэкономикалық саясаттарын үйлестіруде.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын Елбасы 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде айтып еді.  

Қазіргі таңда Одақ жұмысына қатысуға бірқатар басқа да елдер қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта оған Армения мен Қырғызстан да енбек. Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары.

Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы

2014 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты», - деді Елбасы.

«Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс», - делінген Жолдауда.

Қазақстан Үкіметін қайта құру

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев тамыз айында Ақордадағы кеңейтілген отырыста Үкіметті қайта құратынын айтты.

«Тәртіп орнату керек. Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену үшін шағын және кәсіби Үкімет құру керек. Онда кейбір шешімдер Үкімет пен министрлік деңгейінен жергілікті атқарушы биліктерге берілуі керек. Бұл өз кзеегінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен кәсібилігін арттырады. Министрлер жауапкершіліктерін арттырып, қағазбастылықтан айырады», - деді Елбасы.

Осылайша мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділікті арттыру мен жаңғырту мақсатында, мемлекеттік аппаратты жандандыру мен шағын Үкімет құру үшін Мемлекет басшысы Үкіметті қайта ұйымдастыруды тапсырды.

1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджеттік жоспарлау құзіреттері мен қызметтерін алды.

2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің балық шаруашылығын дамыту, су, орман, жануарлар әлемі ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мен құру қызметтері мен құзіреттерін алды.  

3) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық қорды құру мен басқару саласынан басқа құзіреттері мен қызметтерін алды.

Осы қаулыға сай мына ведомствалар құрылды:

1) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі.

2) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі. 

3) Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі. 

4) Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі. 

5) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі. 

Барлық жаңалықтар