• Басты
  • Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 5%-ға артты - АШМ

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 5%-ға артты - АШМ

31 Желтоқсан, 2014 10:02
Министрліктің болжамы бойынша, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылғы деңгейде сақталады, тиісінше ауыл шаруашылығының нақты көлемінің индексі (НКИ) 100% деңгейде болады деп күтілуде, деп мәлімдеді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында.

«Министрліктің болжамы бойынша, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылғы деңгейде сақталады, тиісінше ауыл шаруашылығының нақты көлемінің индексі (НКИ) 100% деңгейде болады деп күтілуде. Бұл ретте мал шаруашылығының НКИ 2014 жылы шамамен 102,9%-ды құрайды. Өсімдік шаруашылығының НКИ 96,9%-ды құрайды, себебі 2013 жылы жалпы өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 120,7%-ды құраған. Өсімдік шаруашылығының құрылымы өндірістің жоғары жылдық ауытқуларымен сипатталатынын атап кеткен жөн. Бұл ретте орта есеппен соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласында өндірістің 5-пайыздық өсімі қамтамасыз етілді», - дейді министр.

Оның айтуынша,осы жылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға  ұлғайып, 128,7 млрд. теңгені құрады.

Сонымен қатар, ведомство басшысы мал шаруашылығында ұйымдасқан шаруашылықтардағы өндіріс өсімін алға тартты. «Егер барлық шаруашылық санаттарында өсім орта есеппен 2-ден 8%-ға дейін болса, агроқұрылымдарда 7-ден 16%-ға дейін болып отыр», - деп мәлімдеді.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, агроқұрылымдарда ІҚМ саны 10 айда 15%-ға, қой мен ешкі 7,5 %, жылқы 13,7 %, құс 4,1% ұлғайған.

Нәтижесінде, көрсетілген кезеңде ұйымдасқан шаруашылықтарда ІҚМ үлесі 33,4%,-ды, тиісінше ЖҚШ-да – 66,6%-ды құрады. 2010 жылда жалпы республика бойынша ұйымдасқан шаруашылықтарда малдың үлесі 18%-ды, тиісінше ЖҚШ-да – 82%-ды құрағанын айта кету керек.

«Өсімдік шаруашылығы өніміне келсек, жалпы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ауыр ауа-райы жағдайларына қарамастан, егін жинау қарқыны бойынша оң нәтиже көрсетті. Әкімдіктердің алдын ала мәліметтері бойынша жалпы ел бойынша астық дақылдары 14,9 млн. га астам алқапта немесе жиналатын алқаптың 99,1%-да жиналған, 12,7 ц/га орта өнімділікте 18,9 млн. тоннаға жуық астық бастырылды», - деді А.Мамытбеков.

Айта кетейік, биыл астықтың тазаланғаннан кейінгі салмақта жалпы түсімі шамамен 17,0 млн. тонна деңгейінде болжамдалуда, бұл экспорттық әлеуетті 7,0 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бауыржан Мұқанов

Барлық жаңалықтар