ШҚО-да 80 орындық жаңа мектеп ашылды

24 Желтоқсан, 2014 17:18
Аягөз ауданы, Бидайық ауылдық округінде Әбеулов атындағы 80 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

«Мектеп құрылысы мен жабдықтарына облыстық бюджеттен 355 млн. тенге қаражат бөлінген. Аталмыш оқу орнында 60 орындықты Акт залы, асхана, 3 бастауыш сыныбы, 1 мультимедиалық кабинет, информатика, физика, химия, технология кабинеттері барлық қажетті құралдармен толық жабдықталды», - делінген хабарламада.

Мектепте барлығы 124 оқушы тіркеліп, 55 адам (29 мұғалім, 5 тәрбиеші, 21 тех.қызметкер) жұмыспен қамтылды.

Мектептің ашылу салтанатына қатысқан ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аудандағы өзге мектептер де инженерлік-техникалық сараптамадан өткізіліп, апаттық деп танылған мектептер күрделі жөндеуден өткізілетінін мәлімдеді.

«Елбасының Жолдауының маңдайалды мақсаттарының бірі – халық санының өсіп, демографиялық жағдайдың жақсаруына орай туындайтын мектеп жасындағы балалар мекемелеріндегі орын тапшылығын төмендету. Соңғы жылдары аталмыш бағдарламалар шеңберінде өңірімізде әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтеріп, ел игілігіне жаратылуда», – деді Ж. Омар.

 

Барлық жаңалықтар