ШҚО-да көші-қон үдерістерін тиімді басқару қажеттігі талқыланды

23 Желтоқсан, 2014 09:32
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын жасады. Вице-премьермен бірге облысқа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов барды, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.

Риддер қаласында Б.Сапарбаев «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» іске асырылуымен танысып, аталған бағдарлама аясында салынған 60 пәтерлі тұрғын үйге барды. ШҚО-дағы ЖҚЖК-2020-ны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2014 жылы 11 млрд-тан астам теңге бөлінген.

Аграрлық-техникалық колледжде вице-премьер еліміздің жұмыс күші көп аймақтарынан келіп, ҚР БҒМ «Серпін» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттерімен кездесті.

Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ «Шығыс Қазақстан - тұруға және отбасының демографиялық дамуы үшін жайлы аймақ» форумын өткізді. Оның жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Форумды ашу барысында Б.Сапарбаев «демографиялық және көші-қон үдерістері біркелкі емес және еліміздегі еңбек нарығының дамуына айтарлықтай әсер ететінін» атап өтті.

Осыған байланысты ол «өткен ғасырдың 90-жылдарындағы бала туушылық төмен болғандықтан 2021 жылға дейін нарықтағы жаңа жұмысшылар ағыны бәсеңдейтінін» баса айтты. «Болжамды мәліметтер бойынша ШҚО халық саны 2030 жылға қарай 2012 жылға қарағанда 9%-ға азаюы мүмкін. Сәйкесінше, өңір болашақта еңбек ресурстары тапшылығына тап болады. Осындай үдерістер кезінде өңірлік теңгерімсіздіктер күшейеді, ең алдымен бұл республика аумағы бойынша адамдардың біркелкі орналаспауы болмақ», - деп толықтырды ол. 

Вице-премьердің пікірінше, «демографиялық құлдырау мен еңбек ресурстарының көші-қон ағындарын тиімді басқару арқылы ғана орнын толтыруға болады».

Форумда талқылау барысында демографиялық дамудың негізгі тенденциялары мен еңбек нарығына, оның ішінде ШҚО-на көші-қон үдерістерінің әсері қаралды.

Форумды қорытындылай келе Б.Сапарбаев сәйкес органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Атап өткенде, ол халықты еліміздің жұмыс күші көп аймақтарынан жұмыс күші тапшы аймақтарына көшіру бойынша шараларды жалғастыру қажеттілігіне ерекше тоқталды. Сонымен бірге, Б.Сапарбаев солтүстік аймақтардағы ұзақ мерзімді кезеңге жұмыс орындарын құрумен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Форум аясында сондай-ақ, Риддер қаласының жұмыс берушілер мен «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша көшіп келушілер арасында еңбек келісім-шарттарына қол қойылды.

Күннің екінші жартысында Өскеменде вице-премьер спорттағы дарынды балаларға арналған 200 орындық облыстық мектеп-интернаттың ашылуына қатысты.

Жұмыс сапарының барысында вице-премьер Семей қаласының денсаулық сақтау нысандарына барды. Жекеменшік кеңес беруші-диагностикалық емхананың, аймақтық онкологиялық диспансерінің және балаларға арналған туберкулезге қарсы аурухананың қызметімен танысты.

Премьер-Министр орынбасарының сапары Семей қаласының жұртшылығымен кездесуімен аяқталды. Кездесу барысында «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыттары, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру мәселелері, медициналық туризмді дамыту, сондай-ақ Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау аясында радиологиялық медицина холдингін құру мәселелері ортаға салынды.

 

Барлық жаңалықтар