• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев: Адам тәуелсіздігі мен мемлекеттің тәуелсіздігін еңбек қамтамасыз етеді

Н.Назарбаев: Адам тәуелсіздігі мен мемлекеттің тәуелсіздігін еңбек қамтамасыз етеді

21 Желтоқсан, 2014 23:56
Бүгін, 21 желтоқсан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада республикалық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Елбасы кездесуде 2014 жылдың қорытындыларымен бөлісіп, келер жылдың басымдықтарын белгіледі.

Елбасы атап өткендей,  «Нұрлы жол» тек қана теміржол мен автокөлік жолдарды ғана емес, электр желілерін де қамтиды. Бұл ретте жаңа электр стансалары салынбақ. Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы дамиды.

Президент атап өткендей, «бір сөзбен айтқанда біз 2007-2009 жылдардағы дағдарыста тәжірибе жинақтадық. Бүкіл әлем мойындап, жақсы деп бағалаған дағдарысқа қарсы бағдарлама бізде болды».  «Біз бұл жолы сол тәжірибені пайдаланып қана қоймай, оны толықтырдық»,- деді Елбасы.

««Нұрлы жол» бағдарламасы бұл бұрыннан ойда жүрген, сосын бірнеше ұрпақтар бойы жалғасатын жоба. Мәселен, бүгінгі күні біздің осы бағдарлама аясында салған нысандарымызда балаларымыз ғана емес, немерелеріміз де жұмыс істейтін болады», - деді Президент.

Елбасының айтуынша, «Нұрлы жол» Жолдауында айқындалған көлік желілері - бұл экономиканың күретамыры, өңірлердің орталықпен, облыстардың бір-бірімен өзара байланысы. Осыған орай, Президент егер ішкі экономика дамып, отандық бизнес Қазақстанның өзіне керекті тауарларын шығарса, бұл келешектегі дағдарысқа жауап болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев  мемлекеттің халықтың әлеуметтік қамтылуына  тоқталды. Осы орайда Елбасы халықты сабырлыққа шақырды. Мемлекет халықты ілеуметтік қолдауын жалғастырады, ол қандай себеп болса да қысқармайды, деді ол.

 «Дағдарыстан кейін экономика көтеріледі, мұнай мен газды тұтыну артады. Яғни, мұнай мен газ бағасы да өседі деген сөз. Біздің жағдайға келсек, әлеуметтік міндеттер қысқармайды. Яғни, зейнетақы, жалақы көлемі азаймайды. Қазақстан халқы алаңдамаса болады. Мұнай бағасының 70,60,50 тіпті 40 долларға құлдырауына Қазақстанның іс-қимыл жоспары бар. Жоспар бар. Мұны сенімді айтуымның себебі, біздің қиын күнге қорымыз бар, бұл халықтың өмірін қиындатпауға мүмкіндік береді. Халқымыздың алаңдамауына болады», - деп толықтырды  Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы адамның тәуелсіздігі мен елдің тәуелсіздігі еңбек арқылы ғана жүзеге асатындығын атап өтті.

«Тәуелсіз мемлекет ретінде сақталу, өзін сыйлату үшін оның экономикасы қуатты, қорғаныс қабілеті мығым, халқы білімді әрі саламатты болуы шарт. Ал бұның бәрі еңбекпен келеді.Адам өзінің еңбегі арқылы отбасын ғана емес, мемлекетті де нығайтады. Зауыттар мен фабрикалар еңбекпен салынады, ғылым да еңбекке негізделеді, кітаптан бастап  бәрі де еңбекпен дүниеге енеді. Еңбек адамның арманын орындап, қоғам дамуына оң ықпал етеді. Еңбек тәуелсіздікті тудырады. Еңбекпен табылған ақша адамға тәуелсіздік береді. Сондықтан да мен барша жастарға еңбекке барынша мән беруді айтудан жалықпаймын», - деді Н. Назарбаев.

Барлық жаңалықтар