Қазақстанда 2014 жылдың 11 айында 73,7 млн тонна мұнай өндірілді- вице-министр

20 Желтоқсан, 2014 12:45
Қазақстанда 2014 жылдың 11 айында 73,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.

«2014 жылдың он бір айының қорытындысы бойынша елімізде 73,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл жоспардан 1,4%-ға аз», - деді ол.

Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібіндегі салалар бөлінісінде мұнай және көмір өндіру көлемінің қысқарғаны байқалып отыр. 

«Мұнай өндіру көлемінің 2,4%-ға төмендеуі «Теңізшевройл» компаниясының 27 күннің орнына 37 күнге созылған жоспарлы күрделі жөндеуімен байланысты болып отыр. Салдарынан компания мұнай өндіру жоспарын 27,1 млн тоннадан 26,2 млн тоннаға төмендетті», - деді М.Әбілқасымова. 

«2014 жылға дейінгі елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде ағымдағы жылы мұнай өндіру көлемін 81,8 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету үшін газдың қосымша көлемін жағуға 53 рұқсат берілді және мұнай өндіруші компанияларға жоспардан тыс өндірілген мұнайды экспортқа жіберу құқығы берілді», - деді  ол. 

"Нәтижесінде,  қыркүйек-қарашада мұнай өндіру көлемі қосымша 244 мың тоннаға ұлғайтылды, сондай-ақ жоспардан тыс 178,3 мың тонна мұнай өндіріліп, экспортқа өтініш берілді", - деді ол.

Индира Қауметова 

Барлық жаңалықтар