• Басты
  • Жаңалықтар
  • ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үкімет басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды

ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үкімет басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды

15 Желтоқсан, 2014 17:08
Астанада өткен Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үкімет басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

«ШЫҰ аясында тәжірибелік ынтымақтастықты жандандыру тұрғысынан бір ұстанымға иеміз. Менің ойымша, бұл біздің жағдайда өте маңызды. Біздің барлық келісімдеріміз бәріміздің қол қойған бірлескен мәлімдемемізде  көрсетілген және ол Душанбе декларациясымен бірге алдағы жылдары ШЫҰ мүше мемлекеттері жұмысына басшылық етпек. Біз бақылаушы және диалог бойынша әріптес мемлекеттермен сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты ары қарай жандандыруда және халықаралық һәм өңірлік құрылымдармен байланыс ұстауда бірдей пікірдеміз», - деді ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бағдарлама барынша ауқымды болды. Кеңейтілген форматта ШЫҰ кеңістігінде сауда-экономикалық және гуманитарлық мәселелердегі бірқатар жағдайлар талқыға түсті. «Өткен жылғы ШЫҰ қызметінің басты нәтижелері айтылып, көпжақты ынтымақтастықтағы бірқатар тұстарға назар аударылды. ШЫҰ банкаралық бірлестік пен іскерлік кеңес қызметі туралы ақпараттарға қанық болып, олардың қызметін жандандыру жайы туралы ұсыныстарға құлақ түрдік. Айта кетейік, халықаралық мәселелер бойынша өзара пікір алмасу өтіп, ШЫҰ алдағы жайы туралы ойлар ортаға тасталды», - дейді Кәрім Мәсімов.

Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ нормативті-құқықтық базасын жетілдіру мен ұйым қызметіне қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды. «Менің ойымша, қабылданған барлық шешім басым бағыттар бойынша ұйымның алдағы қызметін жандандыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде біздің мемлекеттер мен халықтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, ШЫҰ кеңістігінде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етпек», - дейді ҚР Премьер-Министрі.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысы қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтар болсақ ол ШЫҰ мүше мемлекеттерінің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру барысы туралы ШЫҰ Хатшылығы есебі туралы ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Үкімет басшылары (Премьер-Министрлері) Кеңесінің шешімі, 2013 жылға арналған Шанхай Ынтымақтастық ұйымы бюджетін игеру бойынша ШЫҰ қаржылық есебі  туралы, 2015 жылға арналған ШЫҰ бюджеті туралы, 20114 жылға арналған ШЫҰ Хатшылығы шығынының тізімін қайта бөлу туралы, ШЫҰ Даму банкі мен ШЫҰ Даму қоры (Арнайы есеп) құру бойынша алдағы жұмыстар туралы, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасын орындау бойынша шаралар жоспары мен  2017-2021 жылдарға арналған ШЫҰ  аясындағы жобалар қызметтерін дамыту бойынша шаралар тізімі туралы,  ШЫҰ қаржылық жағдайы туралы, Қаржылық мазмұны туралы Ережеге өзгерістер енгізу туралы мен өзге де құжаттар бар.

Сонымен қатар, отырыс аясында ШЫҰ кедендік қызметтері арасында қатерлерді басқару жүйесін қабылдау мен дамыту саласындағы өзара байланыс туралы меморандумға қол қойылып, құқық қорғау саласында ШЫҰ мүше мемлекеттерінің кедендік қызметтері арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар