• Басты
  • Жаңалықтар
  • К.Мәсімов: Еуразиялық ықпалдасу ШЫҰ экономикалық құрамын толықтыра түседі

К.Мәсімов: Еуразиялық ықпалдасу ШЫҰ экономикалық құрамын толықтыра түседі

15 Желтоқсан, 2014 15:20
Еуразиялық ықпалдасу ШЫҰ экономикалық құрамын толықтыра түседі. Бұл туралы бүгін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Үкімет басшылары кеңесінің отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді.

«ШЫҰ-ның экономикалық, қаржылық, энергетикалық, көліктік және ғылыми-техникалық әлеуеті зор. Бүгінгі күні қолда бар ресурстарды экономикалық дағдарыстың нәтижелерін жою жолында барынша тиімді қолдана білудің маңызы зор. Ұйымға мүше елдердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету мақсатында ШЫҰ аясындағы көпжақты практикалық ынтымақтастықты үдете түсу қажет.

 Болашақта ұйымды кеңейту әлеуеті ШЫҰ аумағындағы экономикалық ықпалдасуды тереңдете түсу қажеттігіне тәуелді. Еуразиялық ықпалдасу ШЫҰ экономикалық құрамын толықтыра түсетін құрал», - деді К.Мәсімов.

«Сонымен қатар, ҚХР төрағасы Си Цзинпиннің Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін қалпына келтіру бастамасы қызығушылық туындатады. Жоғарыда аталып өткен жобаларды ШЫҰ аясында үйлестіруге болады деп ойлаймын. Құрылып жатқан экономикалық бірлестіктер мен одақтар бір-біріне қарама-қайшы келмеуі тиіс. Олар жемісті түрде ынтымақтастық жүргізуі тиіс», - деп толықтырды ол. 

«ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ банкаралық бірлестігі жұмысының форматын практикалық тұрғыға ауыстыру қажеттігіне тағы бір мәрте назарларыңызды аударамыз. Бұл екі құрылым сауда-экономикалық ынтымақтастық аясындағы және Көпжақты сауда-экономикалық бағдарламасы мен 2017-2021 жылдарға арналған ШЫҰ аясындағы жобалық қызметті дамыту бойынша іс-шаралар тізіміне қатысты екі құжаттың жобаларын жасау жұмысына қосылуды ұсынамыз», - дейді К.Мәсімов.

Айта кетейік, Бүгін Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесі аясында ұйымға қатысушы мемлекеттер көшбасшылары кездесуде.

Кеңес отырысына Қазақстан Премьер-Министрі К.Мәсімов, Ресей – Д.Медведев, Қырғызстан-Д.Оторбаев, Тәжікстан – К.Расулзада, Өзбекстанның премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов пен ҚХР Мемкеңес Премьері Ли  Кэцян қатысуда.

Индира Қауметова 

Барлық жаңалықтар