«Soile.kz» порталының тұрақты қолданушылар саны 16 мыңға жетті

15 Желтоқсан, 2014 12:19
«Soile.kz» порталынына бүгінгі таңда 250 мыңнан астам адам кіреді, ал тұрақты қолданушылар саны 16 мыңға жетті, деп мәлімдеді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев.

«Естеріңізде болса, осыдан тура бір жыл бұрын отандық «Soile.kz» порталының тұсаукесерін жасаған едік. Осы уақыт аралығында порталымыз қазақ тілін үйретуде ауқымды жұмыс істеп, қазіргі таңда оны қолданушылар саны 250 мыңға жетті. Ал порталымызға тіркеліп, тұрақты пайдаланушылар саны қазіргі таңда 16 мыңды құрайды», - деп мәлімдеді А.Шәуеев.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың  мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, дамыту және  қолданыс аясын кеңейту бағытындағы талап-міндеттеріне сай әзірленген озық ІТ жоба.

«Soyle.kz мобильді қосымшасы пайдаланушыларға мемлекеттік тілді тегін, өздеріне қолайлы уақытта әрі жылдам үйренуге мүмкіндік беріп отыр. Мобильдік қосымшаны пайдалану нәтижесінде әрбір адам арнайы тілдік курстарға кететін алтын уақытын үнемдей алады. Soyle.kz қосымшасын телефоныңызға немесе планшетіңізге орната отырып, мемлекеттік тілді өзіңізге ыңғайлы уақытта үйрену мүмкіндігіне  ие боласыз», - дейді.

Айта кетейік, қосымшаға Soyle.kz порталының барлық бөлімдері және де 3500-ге жуық сөз бен 700-ден астам тілдесу үлгілері толықтай дыбысталған «Тақырыптық сөздік» материалдары еніп отыр.  Жинақталған 50 тақырып күнделікті өмірдің негізгі салалаларын қамтиды, бұл есте сақтауда қиындық тудыратын сөздерді кезең-кезеңмен меңгеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қосымшаны Android ОС смартфондарына жүктеп алуға болады.2015 жылы iOS платформасына шығу жоспарланып отыр.

Бауыржан Мұқанов

 

Барлық жаңалықтар