Соңғы 3 жылда астық өндіру көлемі 19%-ға артты – АШМ

12 Желтоқсан, 2014 11:18
2011-2013 жылдары астық өндірудің орта жылдық көлемі өткен үш жылмен (2008-2010 жылдар) салыстырғанда 3,0 млн тоннаға немесе 19%-ға ұлғайды, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында берілген міндеттемелердің атқарылу барысы туралы Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы саласының мемлекеттік қолдау көлемі жылдан жылға артуда. Мәселен, кейінгі бес жылда (2009-2013 жылдары) өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға 460,2 млрд. теңге бюжет қаржысы бағытталды, бұл өткен бес жылдың (2004-2008 жылдар) деңгейінен 3,9 есеге артық. Жыл сайын көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге де несие ресурстары бөлінуде», - дейді ол.

Оның айтуынша, 2014 жылы ылғал ресурсты  сақтау технологиясын қолданумен дәнді дақылдар 12,9 млн га алқапта өсірілсе (бұл 2013 жылдың деңгейінен 0,4 млн га көп), тамшылатып суару әдісі 31,9 мың га қолданып келеді.

«Минералды тыңайтқыштарды енгізу және өсімдіктерді қорғайтын химиялық заттармен өңдеу алқаптарының көлемдері де артып келеді. Егістік алқаптарын  әртараптандыру бағытында жүргізіліп келген жұмыстың нәтижесінде  майлы дақылдардың алқабы кейінгі бес жылда 1,2 млн. гектарға (1,1 млн. гектардан 2,3 млн. гектарға) өссе, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 64,7 мың гектарға және жемазықтық дақылдар – 801,8 мың гектарға өскен», - дейді ол.

Сонымен қатар министр қабылданған шаралар алқаптың өнімділігін арттыруға және басымды бәсекеге қабілетті дақылдардың өндірісін көбейтуге септігін тигізіп жатқанын айтты. Мысалы, 2011-2013 жылдардағы дәнді дақылдардың орта түсімділігі өткен үш жылмен (2008-2010 жылдар) салыстырғанда 21,6% артып, гектарына 12,4 центнерді құрады, тиісінше майлы дақылдар - 21,1% және 6,9 ц/га, көкөніс - 9,1% және 233,4 ц/га,  бақша дақылдары – 21,8% және 201,8 ц/га, картоп - 15,2% және 171,5 ц/га.

Сол сияқты мақтаның түсімділігі 2011-2013 жылдары орта есеппен 25,7 ц/га құрап, өткен үш жыдың дегейінен 38,2% артық болды, тиісінше қант қызылшасы - 208,2 ц/га және 11,2%.

Айта кетейік, өсімдік шаруашылығы саласының жалпы өнім өндіру көлемі 2011-2013 жылдары 1,2 триллион теңгені құрады немесе өткен үш жылдың деңгейімен салыстырғанда 1,5 есеге өсті.

Бауыржан Мұқанов 

Барлық жаңалықтар