Астанада жаңа бағыттық 36 автобус жұмысқа кірісті (Фото)

12 Желтоқсан, 2014 10:03
Астанада 12 желтоқсаннан бастап жолаушылар ағыны үлкен бағыттар (№9, 10) бойынша тасымалдауға шығатын жаңа автобустар таныстырылды, деп хабарлады қала әкімдігі.

Автобустар Астананың климаттық жағдайларына бейімделген. Атап айтқанда терезелері 3 камералық шыныдан тұрады, ауа баптау және жылыту жүйелері орнатылып, едендеріне арнайы жабын төселген. Сонымен қатар, бейнебақылау, жолаушыларды тасымалдау, WI-FI, валидатор және жолаушыларды ақпараттандыру жүйесі де бар. 

Осы  жылдың қараша айының соңында қоғамдық көліктердің жұмысындағы кемшіліктер туралы қала тұрғындары тарапынан келіп түскен шағымдардың көптігіне байланысты елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков жолаушылар ағыны жоғары бағыттарға 36 жаңа автобус шығаруды тапсырған болатын.

Әкімдік хабарлағандай, бүгінгі таңда елордада күн сайынғы жолаушылар ағыны 720 мың адамды құрайды, бұл қала тұрғындарының жалпы санының 28%-нан астамын құрайды. Алдағы уақытта қалалық көлік тасымалдаушылар жолаушылар ағынын 43% дейін ұлғайтпақ. Бұл жұмыстың басты компоненттерінің бірі қалалық жолаушылар автобустарының жылжымалы құрамын жаңарту және ұлғайту болып табылады.

Барлық жаңалықтар