«Бәйтерек» ұлттық холдингі ШОБ-ті дамытуға 100 млрд теңге бөледі

11 Желтоқсан, 2014 14:32
«Бәйтерек» ұлттық холдингі мен «Даму» қоры өңдеуші өнеркәсіпте шағын және орта кәсіпкерліктерді құруға 50 млрд теңге орналастыру туралы банктермен несиелік келісімге қол қойды.

«Даму» қорының хабарлауынша, ҚР Ұлттық қорынан «Бәйтерек» холдингіне 50 млрд теңгенің бөлінуі Президенттің «Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауының Жалпыхалықтық жоспарын орындау аясында жүзеге асырылады.

«Бәйтерек» холдингі ҚР Ұлттық қорынан облигациялық қарыз алып, Үкіметтің қаулысымен Екінші деңгейлі банктермен (ЕДБ) несие келісімі формалары мен қаржыландыру шарттары бекітілді. ҚР экономикасын жаңғырту мәселесі бойынша Мемлекеттік комиссияның шешімімен ЕДБ-ге тарату тізімі мен шегі анықталды.

Осылайша, «Бәйтерек» холдингі «Даму» қоры үлескер құрылымына 20 жылға дейінгі мерзіммен 50 млрд теңге көлемінде несие берді. Өз кезегінде «Даму» қоры 12 ЕДБ-пен келісімге  отырады.

Қордың мәліметіне сүйенсек, аталмыш қаражат өңдеуші саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен берілген шектің кемінде 50 пайыз деңгейінде шағын және орта кәсіпкерліктің қызмет саласына бағытталады.

Аталмыш 50 млрд теңге 20 жылдық несие кезінде 178,8 млрд теңге шамасындағы ШОБ жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік бермек. Осылайша 20 жылда қаржыландырылатын кәсіпорындар саны шамамен 800-ге жетпек.

Сонымен қатар, «Қазақстанның даму банкі» 10 жылдық мерзіммен 6 пайыздық жылдық үстемемен ЕДБ арқылы өңдеуші өнеркәсіптегі ірі кәсіпкерлік субъектілерін ұзақмерзімді несиелендіруге бөлінбек.

Осылайша «Бәйтерек» холдингі мен оның үлескер құрылымы болып табылатын «Даму» қоры және «Қазақстанның даму банкі» 100 млрд теңгені игере бастады. 

Барлық жаңалықтар