• Басты
  • Астанада «Жас тұлпар» республикалық сыйлығының иегерлері марапатталды

Астанада «Жас тұлпар» республикалық сыйлығының иегерлері марапатталды

10 Желтоқсан, 2014 18:37
Бүгін Астанада дәстүрлі «Жас тұлпар» республикалық сыйлығын салтанатты түрде табыстау шарасы өтті.

«Сыйлықтың негізгі мақсаты – белсенді азаматтық ұстанымымен қазақстандық патриотизмді дамытуға айтарлықтай үлесін қосып жатқан талантты жастарды қолдау. Сондықтан да сыйлықтың терең символдық мәні бар. «Жас тұлпар» студенттік қозғалысы өткен ғасырдағы 60 жылдардың басында Тәуелсіздікті армандаған, мәдени ерекшелігін, тілін, дәстүрі мен тарихи мұрасын сақтап қалуға ұмтылған қазақ жастарының ынта-жігерінің арқасында дүниеге келген болатын»,  - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.  

Жалпы, республикалық сыйлық жеті аталым бойынша берілді. Атап айтар болсақ, «Азаматық қорғаныс саласындағы кәсіби қызметі үшін» биылғы жылы Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасы Жол-патрульдік полициясы Арғын Қуанов марапатталды. Естеріңізде болса, Арғын Қуанов биыл қараша айында Қызылорда тасжолында балалар мінген автобусты апаттан аман алып қалып, 50 бүлдіршінді құтқарған еді.

Одан кейін «Мемлекеттік тіл саясаты саласындағы жетістіктері үшін» аталымында белгілі қазақ тілді журналист Оскана Петерс, «Әдебиет саласындағы жетістіктері үшін» ақын, «Шалқар» радиосының бас редакторы Серік Сейітман, «Білім мен ғылым саласындағы жетістігі үшін»  Назарбаев Университеті ғылыми қызметкері Ұлықбек Қайыров, «Спорт саласындағы жетістіктері үшін» аталымында  екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионы Илья Илин, «Мәдениет пен өнер саласындағы жетістігі үшін» бойынша Түрквижн-2014 байқауының жеңімпазы Жанар Дұғалова, ал «Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қоғамдық-саяси белсенділігі үшін» Евгений Рибалко марапатталды.

Айта кетейік, студенттік «Жас тұлпар» қозғалысы 1963 жылғы 5 қарашада құрылған. Қозғалыстың белсенді қатысушылары Москваның, Ленинградтың, Киевтің, Одессаның, Риганың 800-ден астам студенттері болды. Ұйым Қазақстанда тұратын жастар үшін де идеялық дем беруші болды. Түрлі қалаларда – Қарағандыда «Жас қазақ» , Семейде «Тайшұбар» сияқты бірлестіктер құрылды. Белгілі «Дос Мұқасан» ансамблі осы кезеңде және дәл осы «Жас тұлпардың» ықпалымен пайда болды.

Барлық жаңалықтар