Н.Назарбаев 8 мемлекеттен сенім грамоталарын қабылдады

10 Желтоқсан, 2014 16:41
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік елшілерден сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

 «Қазақстан Президентіне Төтенше және Өкілетті елшілер: Италия Республикасынан – Стефано Раваньян, Швеция Корольдігінен – Кристиан Камилл, Чех Республикасынан – Элишка Жигова, Литва Республикасынан – Витаутас Наудужас, Египет Араб Республикасынан – Хайсам Салах Камел Ибрахим, Үндістаннан – Харш Кумар Джайн, Македония Республикасынан – Илья Псалтиров, Қытай Халық Республикасынан Чжан Ханьхуэй сенім грамотасын тапсырды», - делінген хабарламада.

Рәсімге қатысушыларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтаған Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу маңызды күннің – Тәуелсіздіктің 23 жылдығының қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды.  

«Біз осы қысқа мерзімде мемлекеттілігіміздің берік негізін қаладық. Заманауи экономика, орнықты саяси жүйе және салиқалы азаматтық қоғам қалыптастырдық. Ішкі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді қарқынды экономикалық өсім арқылы қамтамасыз еттік. Сыртқы саяси ұстанымның айқындығы еліміздің халықаралық беделін көтерді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елдің «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясы шетелдік серіктестермен де тиімді ынтымақтастықты қарастыратынын айтты.

«Ең алдымен инвестициялық байланыс, технологиялар алмасу салаларына мән беріледі. Инновациялар мен озық тәжірибені импорттау, елдің өнім экспортын ұлғайту мәселелері назарда болады. Мен Сіздердің қызметтеріңіз екіжақты байланыстардың әлеуетін барынша арттырады деп сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы етек алып келе жатқан жергілікті және өңірлік қақтығыстардың, халықаралық терроризм мен экстремизмнің алдын алу үшін  

бүкіл мемлекеттердің күш біріктіруі қажеттігін атап көрсетті.

« Біз стратегиялық тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізу жолдарын бірлесе іздеуге ниеттіміз. Еліміз ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жолындағы жаһандық қозғалыстың көш басында келеді», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы республикамыз халықаралық істерге бұрынғыдан да белсенді қатысуға ниетті екенін айтты.

 

Барлық жаңалықтар