• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясы облысты сандық желіге ауыстыру жұмыстарын аяқтады

Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясы облысты сандық желіге ауыстыру жұмыстарын аяқтады

9 Желтоқсан, 2014 11:18
Қостанай облысы Жітіқара ауданында соңғы баламалы станцияларды сандық құрылғылармен алмастыру жұмыстары аяқталды. Осылайша Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясы өңірді 100 пайыз сандық желіге ауыстырды, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» АҚ.

Облыстың жергілікті телефон желілерін 100 пайыз сандық желіге ауысуына орай өткен салтанатты шарада Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясы (ОТД) бас директоры Қажымұрат Темірханов сандық желінің тек қала халқына ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлердегі тұрғындарға да заманауи байланыс қызметін көрсетудің негізі екенін айтты. «Негізінде бұл үлкен тарихи оқиға. Енді Қостанай облысы бойынша барлық «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникация желісі сандық желімен қызмет етеді. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясына сай, ақпараттық байланыс саласындағы басты міндеттемелердің бірі жергілікті телефон желілерін 100 пайыз сандық желіге ауыстыру болып табылады. Аталмыш шара компанияның мерейтойы мен Тәуелсіздік мерекесіне тура келіп отыр», - дейді бас директор.

«Самұрық-Қазынаның» хабарлауынша, Қостанай облыстық «Қазақтелеком» АҚ бөлімшесі облыстың телекоммуникациялық желісін 100 пайыз сандық желіге қосқан осымен алтыншы өңір болып отыр. Желіні сандық әдіске ауыстыру байланыс сапасын арттырып қана қоймай, құрылғылардың беріктігін сақтай отырып, заманауи қызмет түрлерін кеңейте түспек. Соның ішінде жоғары жылдамдықты ғаламтор мен сандық телеарналар, Sip-телефон мен өзге де қосымша қызмет түрлері бар.

Облыс желілерін сандыққа ауыстыру 1994 жылы басталған еді. Алғашқы сандық АТС Лисаковск қаласында орнатылды. 2007 жылдың наурыз айында Қостанай қаласы толықтай сандық желіге ауысқан еді.

Қостанай ОТД облыстың жергілікті телефон желілерін сандық жүйеге ауыстыруымен қатар ішкі талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) құрылысын жүргізіп жатыр. Қажымұрат Темірхановтың айтуынша, өңірде тағы бір ірі жоба аяқталғалы тұр. «біз Арқалық-Амангелді учаскісінде жаңа ТОБЖ-ды пайдалануға бердік. Сонымен қатар Амангелді-Торғай учаскісіне жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Осылайша шалғайдағы ауылдарда көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын жақсартып отырмыз», - дейді.

Қазіргі таңда ТОБЖ-бен облыстың барлық қалаларын былай қойғанда, барлық аудан орталықтары мен 61 елді-мекен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «2012-2015 жылдарға арналған CDMA/EVDO ауылдық байланысын жаңғырту мен дамыту» стратегиялық бағдарламасы аясында 100 пайыз ғаламтор қолжетімділігі қамамасыз етілді.  Соның ішінде 69 пайызы кең жолақты қолжетімділікке ие. CDMA технологиясы бойынша сымсыз технологиямен елді мекендердің 90,97 пайызы қамтамасыз етілді. Соның ішінде 69,86%-ы EVDO технологиясы бойынша сымсыз ғаламторға қосылған. Қалған елді мекендер жер асты байланыс құралдары мен жер серіктік тәсіл арқылы ғаламторға қол жеткізіп отыр. 2014 жылдың соңына дейін облыстың 208 білім беру ұйымы «E-learning элекронды оқыту жүйесіне» қосылмақ.

Барлық жаңалықтар