«Халық IPO» аясында KEGOC акцияларына өтінім қабылдау аяқталды

6 Желтоқсан, 2014 11:33
5 желтоқсан «Халық IPO» аясында KEGOC акцияларына өтінім қабылдау аяқталды, деп хабарлады «KEGOC» АҚ.

Қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова IPO аясында «KEGOC» акциялары 2014 жылдың қарашасында шығатынын айтты.

«KEGOC акциясы, компания қор нарығына шығуға дайын. Біз қарашада компания акцияларына жазыла бастайтындығын күттік. Мен еске салып өтейін, бір акция 10 пайыз жеңілдікпен жүзеге асады. Желтоқсан айының екінші жартысында қор биржасындағы қосымша нарықта сауда жүзеге асады», - деді Е.Бахмутова.

Халықтық ІРО-ның екінші маусымы да өз мәресіне жетіп қалды. Бүгін KEGOC акцияларына жазылудың соңғы күні. Брокерлік компаниялардың есігін босатпаған жұрттың қарасы саябырсыған. Дер кезінде келісім-шартын рәсімдеп үлгермей қалғандары болмаса, келушілердің қатары аз.Науқан кезіндегі белсенділік бойынша Алматы тұрғындары алда тұр. Екінші орында – Ақтөбе облысы. Ал кейінгі орындарда Астана мен Қарағанды өңірлері жайғасқан.

Сонымен қатар, шекті мөлшерден жоғары, яғни 14 мыңнан көп акция алуға өтініш білдіріп жатқандар да бар. Брокерлердің айтуынша, мұндай азаматтардың жалпы үлесі өтініш берушілердің 4,4 пайызын құрайды.IPO науқанының нәтижелері желтоқсанның 16-сына қарай белгілі болмақ.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар