• Басты
  • Жаңалықтар
  • Павлодар облысының әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы ШОБ саласында ынтымақтастықты күшейтеді

Павлодар облысының әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы ШОБ саласында ынтымақтастықты күшейтеді

5 Желтоқсан, 2014 11:21
Павлодар облысының әкімдігі мен Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелері бойынша күшін біріктірді. Бұл туралы меморандумға облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың облыстық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесуі барысында қол қойды, деп хабарлады әкімдік.

«Меморандумның басты мақсаты облыс кәсіпкерлігін дамыту жолында толыққанды институционалдық негіз қалыптастыру болып табылады. Ол үшін билік пен бизнес арасында тиімді диалог алаңы құрылмақ. Меморандум талаптары аясында тараптар бірнеше бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Сонымен қатар меморандум аясында кәсіпкерліктің өзекті мәселелері бірлесе қарастырылып, шешімін табу және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қолдану көзделіп отыр», - делінген  хабарламада.

Осы мақсаттарға жету үшін билік құрылымдарының консультативтік-кеңес органдарының құрамына бизнес өкілдері кіремек, ал олардың саны 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл ретте, аталмыш кеңес органдарының күн тәртібін қалыптастыруда бизнес-қауымдастықтың пікірі ескеріледі. Бұдан бөлек, Палата өкілдері жер комиссиясы және мемлекеттік сатып алулар бойынша комиссиялардың тұрақты мүшелеріне айналады.

Бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және консультативтік-кеңес органдарының қызметі аясында кәсіпкерлік мәселелерін тиімді шешу мақсатында мемлекеттік органдармен рұқсат беру, бақылау-қадағалау қызметтерін жүзеге асыру барысында әкімшілік кедергілерді азайтуға, өңірлік дамыту институттарының жұмысын жетілдіруге, мемлекеттік сатып алулар мәселесін ретке келтіріп, өндірістегі жергілікті үлесті арттыруға ерекше мән беріледі. Онымен қоса, монополияға қарсы заңнама және тарифтерді құру мәселелері назарға алынады.

Сондай-ақ тараптар инвестициялық саясатты қалыптастыру және бизнес үшін қаржылық ресурстарды қолжетімті ету, экономика саласын сапалы кадрлармен қамту бойынша  бірлесе жұмыс істеуге келісті.

 

Барлық жаңалықтар