• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жаңа заң жобасы бір өтінішпен екі мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік береді

Жаңа заң жобасы бір өтінішпен екі мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік береді

4 Желтоқсан, 2014 14:03
«Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметті оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы тұтынушының бір өтінішпен ғана екі мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.

Оның айтуынша, аталмыш істі жүзеге асыру жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, департаменттер мен өзге де мекемелер арасындағы ақпараттық жүйені жетілдірудің арқасында мүмкін болмақ. «Бірінші кезекте біз әкімшілік кедергілерді алып тастап, мүгедектікті орнату бойынша қызметтер көрсетіп, бір ғана өтініш беру арқылы қос бірдей мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік беріп отырмыз», - дейді.

Басқаша айтар болсақ, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы белгілеу қызметін тұтынуға өтініш берген адамның онымен қоса арнайы мемлекеттік жәрдемақы алу қызметін де тұтына алады.

Жалпы, мемлекеттік қызметтердің бизнес процестерін оңтайландыру мен автоматтандыру шешім қабылдау кезінде адам факторының барынша аз араласуына жағдай жасап, операциялық тоқтауларды азайтып, мемлекеттік басқару сапасы мен тиімділігін арттырмақ.

Сонымен қатар, С.Жақыпованың айтуынша, қолға алынған шаралар 10 мемлекеттік қызмет алуда халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызмет қолжетімділігін қамтамасыз етпек.

Сөз соңында министр орынбасары аталмыш мақсаттарға жету үшін Қазақстан Республикасының 7 заңына түзетулер енгізу керектігін айтты.

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар