• Басты
  • Жаңалықтар
  • Біз үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитқа дейін жаңа Жібек жолын салдық – Н.Назарбаев

Біз үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитқа дейін жаңа Жібек жолын салдық – Н.Назарбаев

4 Желтоқсан, 2014 09:16
Біз үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитқа дейін жаңа Жібек жолын салдық, деді Елбасы Түрікменстан және Иран президенттерінің қатысуымен «Өзен-Берекет-Гөрган» халықаралық теміржол магистралінің ашылу салтанатына қатысу барысында.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай,  Иран тарапына өткеннен кейін мемлекет басшылары үшжақты кездесу өткізіп, оның барысында жаңа көлік магистралінің стратегиялық маңызын атап көрсетті.

Тараптар сондай-ақ көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту, жаңа  автомобиль жолдары мен теміржолдар құрылысын, логистикалық орталықтар салу саласындағы тың бастамаларды талқылады. Сонымен бірге шекаралас аймақтардағы ынтымақтастықты дамыту, еркін экономикалық аймақтар құру және инвестициялық ықпалдасу мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшылары сауданы жандандыру бағыттарын анықтайтын, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылдың болашағын зерделейтін жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан, Иран және Түрікменстан Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, оның барысында үш елдің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейту қажеттігіне сенімді екендіктерін білдірді.  

Қазақстан Президенті заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі іс-қимылының өзектілігін атап өтті.

« Біз бүгін біздің үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитқа дейін іс жүзінде жаңа Жібек жолын салдық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» жаңа теміржол  магистралі қазірдің өзінде экономикалық тиімділік әкеліп отырғанын және өзара саудадағы қажеттілікті өтеуге қабілетті екеніне де тоқталды.

«Қазақстан былтыр Иранға 1 миллион тонна бидай жеткізді, ал Парсы шығанағының қажеттілігі 9-10 миллион тоннаны құрайды. Біз болат, минералды тыңайтқыш, өзге де қазақстандық өнімдерді жеткізгелі отырмыз. Тиісінше  Түрікменстан мен Ираннан қажетті тауарлар аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің ел Иран мен Түрікменстанға теміржолға арналған машиналар жасау саласындағы отандық өнімдерімізді, соның ішінде тепловоздар, жүк және жолаушы вагондарын жеткізу туралы ұсыныс енгізгенін мәлімдеді.

Соңында үш мемлекеттің басшылары жаңа теміржолдың іске қосылуы бүкіл өңірдің дамуына оң ықпалын тигізетінін атап айтты.  

 

Барлық жаңалықтар