• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҮИИД МБ-2 мамандарды дайындау бағдарламасы бойынша ЖОО-ның 10,5 мың түлегі оқытылады

ҮИИД МБ-2 мамандарды дайындау бағдарламасы бойынша ЖОО-ның 10,5 мың түлегі оқытылады

24 Қараша, 2014 11:14
ҮИИД МБ-2 мамандарды дайындау бағдарламасы бойынша арнайы салаларда қазақстандық оқу орындарының 10,5 мың түлегі оқытылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлімдеді.

«Алдағы үш жылда индустриялық-инновациялық даму үшін 10 мыңнан аса маман қажет болады деп күтілуде. Сондықтан, осы мамандарды 2015 жылдан бастап оқыта бастаймыз. Бұл ретте мынандай ұсыныс енгізліп отыр. Біз бұл мамандарды бағдарлық магистратура деңгейі бойынша дайындасақ деп ұсынып отырмыз», - деп вице-министр бұл ұсыныстың себебін түсіндірді. 

«Себебі, магистрлерді дайындаудың өз ерекшеліктері бар. Ондағы оқудың уақыты бір жарым жыл. Егер біз осы он мың маманды бакалаврда оқытатын болсақ, 2015 жылы оқуды бастайтын ең бірінші түлектер 2019-2020 жылдары оқу бітіреді. Ал бұл уақытта біздің индустриялық даму бағдарламамыз да аяқталып қалады. Сондықтан, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында маман даярлауды магистранттардан бастайық деп отырмыз. Ендігі жылдан бастап 3 мыңға тарта бағдарлы магистранттарды мемлекеттік тапсырыс деңгейінде даярлай бастау жоспарланып отыр», - дейді вице-министр. 

Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап Алматы мен Астанада әлемдік деңгейдегі екі колледж салу жоспарда бар. Өңірлік қажеттілікті ескере отырып осынау оқу орындары экономиканың басым сектордарына маман дайындайтын болады. Атап айтар болсақ, инжиниринг, архитектура мен құрылыс, ақпараттық және коммуникациялық технология, дизайн және жобалау, АӨК, металлургия мен машина құрастыру.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасының «Нұрлы Жол» жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша басымдылыққа алынған 7 бағыттың бірі әлеуметтік инфрақұрылым болып табылады.

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар