• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қ.Тоқаев: Жолдаудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу – биліктің атқарушы және заң шығару тармақтарының негізгі міндеті

Қ.Тоқаев: Жолдаудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу – биліктің атқарушы және заң шығару тармақтарының негізгі міндеті

20 Қараша, 2014 18:03
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Депутаттарға арнаған сөзінде Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жолдауындағы мақсат-міндеттерге назар аударды. Оның пікірінше, «әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында халықаралық қауымдастықтың терең қызығушылығын тудырып отырған «Нұрлы жол» – Қазақстанның жаһандық дағдарыс кезеңіндегі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басты бағдарламалық құжат», - деп атап өтті.

«Сенат Төрағасы Жолдаудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу – биліктің атқарушы және заң шығару тармақтарының  негізгі міндеті екеніне тоқталды. Осыған байланысты, жоғарғы Палатаның басшысы Ұлттық қордан бөлінетін қаржының тиімді және нысаналы жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі Президент Н.Назарбаевтың тапсырмаларына назар аударды. Ол сондай-ақ барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерді жоғары жауапкершілікті ұғына отырып, бірлесіп белсенді жұмыс істеуге шақырды», - делінген хабарламада.

Сенаторлар Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель ұсынған Қазақстан мен Италия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады. Шарт бостандықтан айыру түріндегі жазасын одан әрі өтеуді өз отанында жалғастыру үшін сотталған адамдарды беру мүмкіндігіне байланысты мәселелерді реттейді.

Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың баяндамасын тыңдай келіп, Палата Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді де ратификациялады. Келісім аясында жер телімдері оларды дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарының құрылысына пайдалануға кедергі келтіретін борыштардан, ауыртпалықтардан және үшінші жақтардың құқықтарынан азат етіліп беріледі.

«Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасын және оған ілеспе құжатты қарай келіп, депутаттар заң жобаларын түзетулерімен регламентке сәйкес Мәжіліске жіберді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қызу пікірсайыс туындады.

Сенаторлар сондай-ақ Сенат депутаттарын халықаралық парламенттік ұйымдарға және Сенаттың шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі топтарына жіберу туралы мәселені қарады.

Отырыс барысында сенаторлар Ж.Ерғалиев, Қ.Айтаханов, Н.Оразалин, Ә.Бектаев және Д.Құсдәулетов депутаттық сауалдарын жария етті.

 

Барлық жаңалықтар