Алматы облысының әкімі Райымбек ауданының фермерлерімен кездесті (Фото)

20 Қараша, 2014 18:34
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Райымбек ауданына келді. Сапар барысында өңір басшысы бірқатар маңызды шаруашылық орындарына ат басын бұрып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Облыс әкімі А.Баталов өзінің ауданға келген іссапарын асыл тұқымды «Ангус» ірі қара малын өсіруге бағытталған «Саламатов» ЖШС-і мен Шырғанақ ауылындағы асыл тұқымды мал көрмесінен бастады», - делінген хабарламада.

 Көрмеде «Алатау», «Әуликөл», «Герефорд», «Головей», атты ірі қара малдары мен қойдың «Арқар меринос», «Гисар» түрлері көрсетілді. Көрме жұмыстарымен танысып болған соң облыс әкімі аудандағы шаруа қожалықтары өкілдерімен кездесіп, олардың өнімді өткізу, субсидия мен несие алу, мал өсіру үшін қажетті шабындық және жайылымдық жерлер сынды бірқатар шешімін таппай жүрген сұрақтарымен танысты. Шаруа қожалықтарымен әңгімелесу барысында облыс әкімі А.Баталов барлық айтылған мәселелердің бақылауға алынып, оларды түпкілікті шешу жолдары қарастырылатындығын жеткізді

«Бұдан басқа орталықтандырылған жүн мен ет қабылдау орталықтарын ашып, мал бордақылайтын орындар құрылысын салуға баса назар аудару қажет», - деп атап өтті Амандық Баталов.

Бұдан кейін өңір басшысы картоп өсірумен айналысатын «Қарқара өнімдері» ЖШС қызметімен танысты. Серіктестік басшысы А.Молжановтың айтуынша, картоп өнімі 1170 га аумақта өсіріліп, сыйымдылығы 1500 тонналық қоймада сақталуда.

Сапар барысында облыс әкімі Амандық Баталов 280 орындық «Балауса» балабақшасы жұмысымен танысты. 

Түстен кейін облыс әкімі А.Баталов өңірдегі «Мыңжылқы» шаруа қожалығындағы 1000 бас арқар-меринос қойларын ұстайтын бордақылау алаңында болды. Шаруа қожалығының басшысы Б.Ұлдарбековтің айтуы бойынша мал бордақылау алаңы 2000 басқа арналған, алдағы уақытта мал санын одан әрі ұлғайту мәселесі жоспарлануда. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Амандық Баталов аудан активімен кездесіп, биылғы жылғы Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол!» атты Жолдауында көрсетілген негізгі басым бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыруды және алға қойылған тапсырма-міндеттерді тиімді жүзеге асырып, шекаралық аймақтардағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруде нақты жұмыстар атқаруды тапсырды.

Тұрғындардың сауалына жауап беріп, емханаға қажетті автокөлік алу, жас мамандарды пәтермен қамтамасыз ету, Кегенде спорттық-сауықтыру кешенін салудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді, Қақпақ ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу, осы ауылдың және Алғабас ауылының су жүйелерін қалпына келтіру және тағы басқа жұмыстарды тиісті басқарма басшылары мен аудан әкіміне тапсырды.

 

Барлық жаңалықтар