• Басты
  • Жаңалықтар
  • Нұрлы жол - жарқын болашақ үшін таңдалып алынған қажетті мақсат-міндеттердің жиыны

Нұрлы жол - жарқын болашақ үшін таңдалып алынған қажетті мақсат-міндеттердің жиыны

20 Қараша, 2014 10:03
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдау арқылы Ел Президенті мемлекет дамуының жаңа бағыттарын айқындап берді. Бұл Жолдауды нақты істерге негізделген ел дамуының жаңа экономикалық стратегиясы ретінде қабылдап отырмын, деді Strategy2050.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал и К» ТС директоры Абзал Ералиев.

«Мемлекет басшысы елдегі кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау керектігін осы жолы да ерекше атап өтті. Бұл мақсатқа аймақ пен аймақты, ел мен елді байланыстыратын күре жолдар салу арқылы қол жеткізуге болатыны айтылды. Елбасы алдымен республиканың батыс бөлігін Орталық Қазақстанмен байланыстыратын ұзындығы мың шақырым болатын темір жол құрылысы туралы ризашылық сезіммен айтып өтті. Көпшіліктің жадында болса, «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолының құрылысы басталатыны туралы 2012 жылғы Жолдауда алғаш айтылған-ды», - деді ол.

 «Ең бастысы, ұшқан құстың қанаты талатын байтақ еліміздің ішкі байланысын арттыру мәселесіне, яғни осы жолдарды салуға 70 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұған қоса, үстіміздегі жылы Ұлттық қордан бизнесті қолдауға бөлінген 100 млрд. теңге табысты игеріліп, ол шағын және орта бизнестің игілігіне жұмсалуда. Ал, алдағы жылы бұл мақсатқа тағы 500 млрд. теңге қаралып отыр. Мемлекеттік қолдаудың отандық бизнесті бір серпілтіп тастайтыны анық», - деді А.Ералиев.

Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында үнемі асыраушы сала – ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту ісін тапсырып отырады, деді ол.

«Еліміздегі экономикалық жаңғырудың түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Демек, жарқын болашақ үшін қажетті мақсат-міндеттерді Мемлекет басшысы саралап, оны қалай жүзеге асыру қажеттігін көрсетіп берді. Ендігі мақсат – әркім өз саласы бойынша адал да белсенді еңбек ету», - деді ол.

 

Барлық жаңалықтар