Ақордада трансшекаралық өзендерді қолдану мәселелері талқыланды

19 Қараша, 2014 14:01
Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішевті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

 «И.Әбішев Мемлекет басшысына су шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелері мен республиканың су қорын тиімді пайдалану және қорғау жұмыстары жөнінде баяндады», - делінген хабарламада.

Қазақстан Президенті елімізде сумен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті екенін атап өтті.

« Елімізде жалпы су тапшылығы мәселесі бар. Жаңа бөгеттер құрылысын салу қажеттілігін анықтап, жерасты суларын пайдалану, жайылымдарды суландыру жөнінде зерттеулер жүргізу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде су шаруашылығын дамыту үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

«Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөнінде ауқымды шаралар қабылдануда. Мемлекеттен бөлінген қомақты қаражаттың арқасында Аралдың солтүстік бөлігі Арал қаласына жақындады. Осының бәрі жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға оң ықпалын тигізді, балық аулауға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Қызылорда облысының су ресурстарына деген зәрулігін өтеу үшін Көксарай су қоймасы салынды. Ол өңірді жылдағы су басу қаупінен құтқарды. Мақтаарал ауданындағы гидромелиорация жұмыстарына да едәуір қаражат жұмсалды», - деді Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы пайдаланылмаған суармалы жерлерді айналымға енгізу, көрші елдермен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану бойынша тиімді іс-қимыл жасау мәселелеріне де айрықша назар аударды.

И.Әбішев сумен қамтамасыз ету мәселелерінің біртіндеп шешілуін ауыл тұрғындары оң бағалап отырғанын айтты. Ол сондай-ақ қазіргі кезде Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, елдің барлық су көздерін түгендеу жүріп жатқанын атап өтті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

 

Барлық жаңалықтар