«Нұрлы жол» - елдің бағыт алатын бағдарламалық құжаты – Ермекбаева

17 Қараша, 2014 18:03
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы әрбір адамның өміріне оң әсер етуімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы болашаққа үлкен талпыныспен, ұмтылыспен қарап, халыққа деген үлкен сенімін білдіреді. Бұл – жеке меншіктің және мемлекеттің барлық құрылымдарының басшылары үшін бағдарламалық құжат, деді Strategy2050.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнар Ермекбаева.

«Елбасының «Нұрлы Жол» деп аталатын биылғы Жолдауы да еліміздің өркендеуіне, экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңаша серпін беретін, Қазақстан халқының игілігі, мақсат-мұраттарының орнығу жолын көздейтін тарихи құжат деп есептеймін. Мемлекет басшысы Жолдауы арқылы алдымызға көптеген ірі-ірі істер белгілеп, таудай биік міндеттер жүктеді. Бұған барша Қазақстан халқы болып өз үлесімізді қосуымыз керек», - деді ол. 

Меніңше,  бұл жаңа бағдарлама – мемлекетіміздің алдағы жылдарға арналған даму бағдары,  әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы қадамы. Сонымен қатар жаңа Жолдау экономикалық саясаттың  жалғасы болып табылады. Мұнда қазіргі таңдағы қиындықтарға төтеп беру, орын алған экономикалық жағдайдан шығу жолдары айқындалып, орындалуы тиіс нақты іс-шаралары да ұсынылып отыр.

«Елбасының өзі айтқандай, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты жариялау және оны жүзеге асыру.  Бұл  бағдарлама бәрін қамтиды: ол экономикалық, әлеуметтік, саяси, тіпті мәдени даму бағдарын қолдайды. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға да үлес қоспақ», - деді С.Ермекбаева.

Сондай-ақ, Жолдауда теміржол, әуе, автокөлік жолдарының инфрақұрылымдық дамуы, оның экономикадағы орны толығырақ қамтылуы да көңілге қонды. Бұл дегеніміз  Елордадан шыққан жолдардың барлығы да республикаға таралып, қарқынды дамитын болады. Осының негізінде  экономикамыз дамып, халықтың тұрмысы да жанданбақ.

 Жолдаудың көңілге қонымды тағы бір  тұсы – уақытша қиындықтардың әлеуметтік саланың кең қанат жаюына кері әсерін тигізбейтіндігі. Яғни, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы толықтай қамтамасыз етілмек.

«Жолдау әрбір тұлғаны жауапкершілікке шақырып, жақсы бастамаларға бастайды. Ал «Нұрлы Жол» бәрімізді ұлт болып ұйысуға, жұрт болып жұғысуға біріктіретін  бірден бір жол деп есептеймін. Сондықтан біздің әрқайсымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа саяси бағытын барынша қолдап, азаматтығымызды таныта білуміз  керек. Жер шары кең болғанымен біздің Отанымыз – біреу ғана. Ол Тәуелсіз Қазақстан. Ендеше, елімізге, жерімізге амандық, бақыт және даму нәсіп етсін. Келешегіміз баянды,   ұрпақтарымыз несібелі болғай», - деді ол.

 

Барлық жаңалықтар