• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Нұрлы жол» экономикалық саясаты әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді – Дощанова

«Нұрлы жол» экономикалық саясаты әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді – Дощанова

14 Қараша, 2014 12:43
«Нұрлы жол» экономикалық саясаты әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, деді Strategy2050.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында «Шынар» гендерлік білім беру орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Дощанова.

«Әлемнің әр бөлігіндегі, соның ішінде жетекші державалар да ұрынып отырған экономикалық дағдарыс,  экономикалық өсімнің баяулауы, геосаяси дағдарыстар сынды құбылыстардың біздің елімізге еш әсері, салқыны тимей, айналып өтеді деу, әрине, қисынсыз екені түсінікті. Осы тұста, Елбасымыздың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылғандай, Үкіметтің алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндетінің қойылуы — ел-жұртқа ертеңге деген сенім сыйлайтын маңызды қадам», - деді ол.

Ол атап өткендей, «әсіресе, тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту мәселесінің көтерілуі, осы мақсатта қолға алынғалы отырған үлкен істер жастардың болашаққа деген сенімін нығайтады. 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша 180 миллиард теңге қаржы бөлінгелі отыр. Бастапқы жарнасыз, төмен пайызбен берілетін пәтерлер — баспана мәселесінен жапа шегіп жас отбасылар үшін үлкен бір тығырықтан шығудың жолы болмақ. Баспана мәселесіне байланысты отбасын құруды кейінге қалдырумен келе жатқан жастарымыз да бар. Демек, арзан баспана демографиялық ахуалдың жақсаруына да игі әсерін тигізетіні сөзсіз».

«Экономикалық өркендеуге, балаларымыз бен немерелеріміздің ертеңін жарқын ететін — тыныштық пен тұрақтылыққа, күнделікті адал еңбекпен, елге, жерге деген жанашырлықпен әр адам өз үлесін қосқанда ғана,  қол жеткізе аламыз. «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз — Ел бірлігі болуы керек», — деп, Жолдауда Елбасы атап өткендей, жастарымыздың, балаларымыздың бойына Бірлік атты ұлы құндылықты сіңіру жолындағы істерге үлес қосу — әр ата-ана, әр азаматтың парызы деп білемін», - деді С.Дощанова.

 

Барлық жаңалықтар